Accessibility links

Aуа-райының бұзылуынан Астанаға қатынайтын жол жабылды


Ақмола және Қостанай облыстарында жолды қар басып қалуы салдарынан жол бойында ондаған адам және техника құралдары қалып қойған.

Қаңтардың 9-ында Ақмола облысы бойынша жол бойында қар құрсауында қалып қойған 88 адам, ал Қостанай облысында балық аулауға шыққан 800 адам құтқарылды. Олардың арасында үсік шалған немесе басқадай зардап шеккендер жоқ. Қаңтардың 10-ы күні Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Қайрат Тарбаев Азаттық радиосына осылай деп хабарлады.

Министрлік өкілі ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты қаңтардың 9-ында Астана қаласынан Ақмола облысының барлық аудан орталықтары мен қалаларына қатынайтын жолдың жабылғанын айтты.

Қостанай облыстық төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз хатшысы Зухра Жиенбаеваның айтуынша, ұйтқи соққан боран мен бұрқасын қар күшейіп, жолды көрсетпей тастаған. Қостанай облыстық төтенше жағдайлар басқармасы облыс жолдарында қар бұрқасынында қалған адамдарды құтқару жұмыстарын ұйымдастырды.

- Солтүстік аэромобильдік аймақтық жедел құтқару тобының күшімен Мазурова көлінен 800-ге жақын адам құтқарылған. Оның 35-і - әйелдер мен балалар, олар түгел құтқарылды, - деді Зухра Жиенбаева.

Сонымен бірге ол Арқалық қалалық төтенше жағдайлар басқармасының күшімен облыстың оңтүстік аймағындағы жолдарда 7 адамның құтқарылғанын, облыс көлеміндегі автожолдар қозғалысына шектеу қойылғанын айтты.

Зухра Жиенбаеваның сөзінше, Қостанай облысы көлемінде қазіргі уақытта жағдай қалыпты күйде, жолдар қардан тазартылып жатыр. Ал бораннан құтқарылған адамдар аман-есен үйлеріне жеткен.
XS
SM
MD
LG