Accessibility links

Сенатор Батталова оппозициялық партияны жабу туралы сот шешімін «заңсыз» деп атады


Сенатор Зәуреш Батталова «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясын жабу туралы Алматы экономикалық сотының шешімін «биліктің тапсырысымен жасалған заңсыз әрекет» деп атады.

Қаңтардың 10-ы күні «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшелері Асылбек Қожахметов, Петр Своик, Гүлжан Ерғалиева және Зәуреш Батталовалар аталған партияны жабу туралы экономикалық сот шешіміне орай Алматы қаласында арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

Сенатор Зәуреш Батталова «партияны жабу – биліктің тапсырысымен жасалған заңсыз әрекет» деп мәлімдеді.

- Партияның жұмысын тоқтату туралы Алматы қалалық прокуратурасының талабы экономикалық сотта емес, азаматтық сотта қаралуға тиіс болатын. Және сот саяси ұйымды бірден жауып тастамай, ескерту жасап, болмаса, оның жұмысын тоқтата тұру туралы шешім шығаруы керек еді, - деді «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі, парламент сенатының депутаты Зәуреш Батталова.

Ол оппозициялық партияның жұмысын тоқтату туралы Алматы қалалық прокуратурасының талабын қанағаттандырған Алматы қаласындағы экономикалық сот шешімін «заңсыз шығарылған шешім» деп атады.

- Қазір осыған орай апелляциялық орындарға шағымданып жатырмыз. Олардың партияны жабуға тапқан сылтаулары заңдық тұрғыдан ешқандай талапқа сай емес. Таққан айыптары дәлелденген күннің өзінде не ескерту жасап, болмаса оны уақытша тоқтата тұру туралы шешім шығаруы керек еді. Ал партияны бірден жауып тастағаны - президенттік сайлаудың алдындағы билік тарапынан жасалған тапсырыстан хабар береді, - деп мәлімдеді сенатор.

Өзін "Қазақстан парламентіндегі оппозициялық ұстанымдағы жалғыз депутат" деп атайтын сенатор Зәуреш Батталова оппозициялық партияның тағдырын алдағы уақытта парламент қабырғасында талқыламақ ойы барын да жеткізді.

- Қазақстан заңдарына сәйкес мен депутаттық сауал жолдайтын боламын. Жалпы, парламент депутаттары мына соттың қандай жағдайда қаралғанын, тағылған айыптың негізгі мазмұнын білмейді. Өйткені, біздегі бұқаралық ақпарат құралдары елде болып жатқан оқиғаларды ашып жаза алмайды. Сондықтан, әріптестеріме барлық жайтты айтып беремін. Бірақ, соған байланысты осы партияны қолдау мақсатында парламент тарапынан қандай бір шара жасалатынына сенімім жоқ, - деді сенатор Батталова.

Парламент мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымов өзінің бас прокуратураға Қазақстандағы 7 бірдей партияны жабу туралы депутаттық сауал жолдағанын айтады. Солардың ішінде «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы да бар.

- Мен болған оқиға жайында теледидардан көріп, газеттен оқыдым. Білуімше, ҚДТ өкілдері соңғы съездерінде «халықты көтереміз, әйтеміз-бүйтеміз» деп біраз шабылыпты. Менің айтарым, Қазақстанда тәуелсіздіктен киелі еш нәрсе жоқ. Сондықтан олардың ондай ұрандарына жол беруге болмайды. «Раушан гүл» төңкерісі, анау төңкеріс дегендерге Қазақстанда жол берілмеуі керек! - деді Ерасыл Әбілқасымов.

Ал, партия тағдырына қатысты шешім шығарған экономикалық сот отырысында саяси ұйым атынан қатысуға тиіс болған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Асылбек Қожахметов Қазақстанға Египеттен жексенбі, қаңтардың 9-ы күні оралғанын айтты. Ол елде денсаулық жағдайын байланысты дәрігердің нұсқауымен барып келгенін хабарлаған оппозиция қайраткері шешім шығарылған күні сот мәжілісіне қатыса алмағанын атап айтты.

- Дәрігер маған: «Сіз бұл жақта дұрыс емделе алмайсыз, сондықтан теңізге бару керек» деген еді. Оның үстіне мен бұрындары туберкулездің ашық түрімен ауырғанмын. Осыған байланысты, қаңтардың 3-і күні Египетке ұшып кеттім, - деді Асылбек Қожахметов.

Оның айтуынша, оппозициялық партия өкілдері алдағы уақытта құзырлы орындарға экономикалық соттың Қожахметов Қазақстанда болмаған уақытта, яғни сырттай шешім шығарғандығына қатысты шағымданбақ.

- Олардың сырттай шешім шығаруға ешқандай құқықтары жоқ. Бұл жерде барлығы да саяси тапсырыспен жасалып отыр, - деп мәлімдеді Асылбек Қожахметов.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің тағы бір мүшесі Гүлжан Ерғалиева биліктің партияны жабу туралы шешімі керісінше әсер туғызады деп санайды.

- Партияны жапса, керісінше, оппозиция одан сайын күшейе түспек. Билік «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясына соңғы съезде Ғалымжан Жақияновтың бірауыздан төраға болып қайта сайланғанынан кейін осындай әрекетке барып отыр. Анығында, олар Жақияновтың саясатпен шындап шұғылданғанына барынша тосқауыл қоюға кірісті, - дейді Гүлжан Ерғалиева.
XS
SM
MD
LG