Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11 қаңтар 2005 ж.


Мерзімді басылымдарда Ирактағы бітімгершілік күштер қатарында жүріп қаза тапқан капитан Қайрат Құдабаев және жарақат алған төрт қазақстандық азамат туралы мақалалар жарық көрді.

“Егемен Қазақстан” басылымының бірінші бетінде Ирактағы бітімгершілік күштер қатарында жүріп қаза тапқан капитан Қайрат Құдабаев және жарақат алған төрт қазақстандық азамат туралы редакциялық мақала жарық көріпті.

Мақалада Ирактың Васит провинциясында кезекті тапсырманы орындау барысында украиндық бітімгершілермен бірлесіп жоюға арналған жарылыс заттарды түсіру кезінде өздігінен жарылыс болғандығын хабарлаған Қазақстан Республикасы қорғаныс министрілігінің ақпараты айтылыпты.

Басылымның айтуынша, Қайрат Құдабаев - Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданындағы Белқарағай ауылында дүниеге келген. Оны жастайынан жақсы білген Талғат және Қалимаш Қаңтарбаевтардың айтуынша "Қайрат кішкентайынан пысық, елгезек болып өскен. Мектепті үздік бітіріп, сосын Алматыда оқыған. Түркияда жаяу әскер академиясында білім алған".

“Айқын” басылымы Ирактағы бітімгершілік тобының осыған дейін үш рет ауысып, 3 миллионға жуық жарылғыш заттарды жойғандығын хабарлапты. Газет мысалға келтірген ресми дереккөздерінің хабарлауынша, 35 әуе бомбасы бар жарылғыштар үш көлікке тиеліп, арнайы белгіленген жерге жаруға жеткізілген, соңынан бәрі түсірілген соң кенет аса қуатты жарылыс болған.

Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігі болса “қазақстандық бітімгершіл жауынгерлер өз ісінде ағаттық жіберді деп айтуға болмайды, олар қауіпсіздік шараларын барынша сақтай отырып, жоғары кәсіби деңгейде, сауатты қимылдаған. Коалициялық күштердің тиісті органдары оқиғаның себеп-салдарларын тексеруді бастады” деген хабар таратып отыр.

“Жас алаш” басылымы жарылыстың өте күшті болғандығын, жарылғыш заттар тиелген жүк көлігінің сау тамтығының қалмағандығы туралы хабарлапты. Мақала авторы Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінің “қауіпсіздік ережелері қатаң сақталған” деген мәлімдемесіне күдік келтіріпті. Сондай-ақ автор Қазақстан қорғаныс министрлігінің қаза болған Қайрат Құдабаев пен жараланған төрт жауынгерді мемлекеттік наградаға ұсыну жөнінде ұсыныс айтқандығын да атап өтіпті.

“Литер” газеті Иракта қаза тапқан қазақ жауынгері Қайрат Құдабаевтың артында әйелі мен бір қызының қалғандығына айрықша назар аударыпты. Газет тілшісі келтірілген деректерге сүйенсек, Қайраттың аяғы ауыр әйелі енді бірнеше айдан кейін тағы да босануға тиіс көрінеді. Сондай-ақ мақалада Иракта қаза тапқан Қайрат Құдабаевтың артында қалған отбасының қандай деңгейде материалдық көмек алатындығының белгісіз болып отырғандығы да айтылыпты. Оның себебін мақала авторы “Әскерилер мен олардың отбасыларының әлеуметтік қорғау туралы” заңның әлі күнге шейін қабылданбай келе жатқандығымен түсіндіріпті.

Сондай-ақ “Литер” басылымы қаза тапқан қазақ жауынгері Қайрат Құдабаевтың мүрдесінің 11 қаңтар күні арнайы рейспен Қазақстанға әкелінетіндігін де хабарлапты. Онымен марқұмның өзі әскери борышын өтеген Қазбатта, содан кейін Астанада қоштасу рәсімі өткізіледі.

“Казахстанская правда” басылымы болса қазіргі кезде коалициялық күштердің бұл қайғылы оқиғаға қандай себептердің әсер еткендігін анықтап жатқандығын тілге тиек етіпті. Газет тілшісінің хабарлауынша, жарылғыш заттарды залалсыздандыру операциясы Ирактағы жергілікті биліктің өтінішімен жасалған. Әскерилердің бәрі де темір сауыт кигендіктен олардың көбісінің өмірі аман қалған.

Ал, жарақат алған қазақстандық жауынгерлерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілген. Кейіннен олар Бағдаттағы ауруханаға жеткізілген. Ресми ақпарат көздерінің хабарлауынша қазіргі уақытта олардың өмірлеріне төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ.

“Экспресс К” басылымының хабарлауынша, Қайрат Құдабаевпен бірге жеті украин жауынгері де қаза тапқан. Газет тілшісінің айтуынша, жарақат алған қазақстандық жауынгерлер емделіп жатқан Бағдаттағы ауруханада жексенбі күні жарақат алып жеткізілген тағы бір украин жауынгері көз жұмған.

“Город” басылымы темір сауыттың қазақстандық жауынгер Қайрат Құдабаевтың өмірін сақтап қала алмағандығын айта келіп, жарақат алған төрт қазақстандық жауынгер туралы ақпараттың өте сараң екендігіне тоқталыпты. Сондай-ақ мақала авторы төрт қазақстандық жауынгер жеңіл жарақат алды деген деректердің шындыққа үйлеспейтіндігі туралы ақпараттардың бар екендігін де хабарлапты.

Газет тілшісінің хабарлауынша Қазақстан Республикасының қорғаныс министрлігі жарақат алған төрт қазақстандық жауынгердің аты-жөндерін атамағандықтан олардың кім екендері де әзірше белгісіз болып отыр.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы келтірген деректерге жүгінсек, қазақ жауынгері Қайрат Құдабаевтың әскери борышын өтеп, еліне қайтып оралуына екі ай мерзім қалғанда Иракта қаза тапқан.
XS
SM
MD
LG