Accessibility links

Ирактағы қазақ бітімгершілеріне қатысты екіұдай пікірлер

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Украина Ирактағы бітімгершілерін шығаруды қолға алды, ал Қазақстан бітімгершілеріне қатысты қазақстандық саясаткерлер пікірі әрқилы болып отыр.

Қаңтардың 10-ы күні Украина президенті Леонид Кучма қорғаныс және сыртқы істер министрлерімен кездесіп, Ирактағы украиналық бітімгершілерді шығару жоспарын дайындауды тапсырғаны хабарланды. Бұл мақсатта Ирактағы украиналық бітімгершілерді 2005 жылдың шілде айына дейін шығару жүктелген.

Қаңтардың 9-ында Иракта жеті украиндық және бір қазақстандық жауынгердің қаза тапқаны жайында бұған дейін хабарланған еді.

Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Әубәкір Смайлов Ирактағы қазақстандық бітімгершілерді сол елден шығару мәселесі "министрлік құзырында болмағандықтан оған қатысты нақты әңгіме айту қиын" деп отыр.

Қазақстан парламенті сенатының халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Тасбай Симамбаев бұл мәселе бойынша парламент шешімі қабылданғанын алға тартады.

- Қазақстандық бітімгершілер Иракта бола берсін, сол жердің минадан тазартылуына көмектескендері дұрыс, - дейді мәжіліс депутаты.

Қазақстанның инженерлік саперлік жасағы Ирактағы тұрақтандырушы күштер құрамында бітімгершілік міндетті орындау үшін парламенттің 2003 жылғы 30 мамырындағы қаулысына сәйкес жіберілген.

- Сол кезде мен оған қарсы дауыс бергем, - дейді екінші шақырылымдағы парламентте мәжіліс депутаты болған Серікбай Әлібаев. - Онда біздің жұмысымыз болмауы керек, егер америкалықтарды олардың мұнайы қызықтырса, бізді қызықтыратын ештеңе жоқ. Соғыста өлім болады. Соны ескеріп бір топ депутаттар алдыңғы жылы жауынгерлерді Иракқа жіберуге қарсы болғанбыз. Өкінішке қарай, қайғылы хабар біздің елге келді. Сондықтан, менің ойымша, өзіміздің сарбаздарымызды Ирактан шығару керек.

Сенат депутаты Уәлихан Қайсаров Ирактағы қазақстандық жауынгерлердің "тәжірибе алғанын" жөн санайды.

Ал саясаткер Сейдахмет Құттықадам Қазақстан Ирактағы өз бітімгершілерін шығару керек деп есептейді.

- Менің ойымша, бұл тек қана саяси шешім болған. Одан ешқандай пайда жоқ, - дейді ол.

«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы Ирактағы бітімгершілерін шығару туралы Украина президенті Леонид Кучманың шешіміне байланысты мынаны айтты:

- Бұл мәселені меніңше, Украинаның жаңа президентінің шешкені дұрыс болады. Себебі, 2005 жылы атқарылатын шешім - ол жаңа президенттің тұсында болады. Сондықтан Кучманың бұл шешімі кетер алдындағы өзін жарнамалау акциясы деп есептеуге болатын шығар, украиналық сарбаздар қазаға ұшырағаннан кейін. Ал, егер түпкілікті алып қарасақ, меніңше, әскерді шығарудың қажеттілігі жоқ. Дүние жүзі болып жабылып Ирактағы жағдайды тұрақтандыруға әсер етуіміз керек. Себебі, біз шала бүлінген, орнықпаған мемлекет болып қалған Ауғанстанның зардабын жақын жерде отырып көрдік.

Кезінде совет армиясы құрамында Ауғанстандағы соғысқа қатысқан Ғалым Қожабеков Қазақстан бітімгершілік әскерінің Иракта болуына қарсы көзқараста:

- Егер Ирак деген біздің шекаралас мемлекет болса бірсәрі, онда стратегиялық жағдайымызға байланысты дер едік. Ал, Иракты бізге жағырафиялық немесе стратегиялық жағынан тура әріптес ретінде мен қарамас едім. Сондықтан онда біздің әскердің болғанын да қаламас едім.

Ғалым Қожабеков совет кезінде Ауғанстандағы соғысқа қатысқан сарбаздарға қазіргі уақытта мемлекет тарапынан әлеуметтік көмектің дде қысқарғанын атап өтті.
XS
SM
MD
LG