Accessibility links

Ұлттық комиссияға келген ұсыныстардың көпшілігі билік жүйесін жетілдіруге қатысты


Азаматтық қоғам және демократия мәселесі жөніндегі ұлттық комиссияға келіп түскен ұсыныстардың басым көпшілігінде Қазақстандағы билік жүйелерін жетілдіру қажеттілігі айтылған.

Қазақстан президенті жанындағы азаматтық қоғам және демократия мәселесі жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобы Қазақстандағы саяси жүйені реформалау және азаматтық қоғамды дамыту мәселесі бойынша Алматыда кезекті мәжілісін өткізді.

Ұлттық комисияның жұмыс тобының жетекшісі, Қазақстанның патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымовтың айтуынша, осы мәселеге арналған мемлекеттік бағдарлама жобасын дайындау барысында түрлі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар және ғалым мамандар мен сарапшылардан барлығы 400-ге жуық ұсыныстар келіп түскен.

- Олардың көбі Қазақстандағы билік және сот жүйелері қандай болуы керектігі жөнінде ұсыныс-пікірлерін білдіріпті, - дейді Ғани Қасымов.

Оның айтуынша, бюджеттік кіріс-шығысты бақылайтын мемлекеттік органдардың қызметін және парламент билігін күшейту арқылы биліктің басқа тармақтары осы парламент алдында жауап беру керек деген пікірлер көп көрінеді.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Нұрбах Рүстемнің айтуынша, "Қазақстандағы саяси жүйені реформалау жұмысын ең алдымен сот жүйесінен бастаған жөн және сот жүйесі ешкімге бағынбайтын тәуелсіз сот болуы керек".

- Ал парламент қазіргідей екі палаталы парламент болып қала беруі керек, алайда мәжіліс депутаттарының санын көбейткен дұрыс, - дейді ол.

"Отан" партиясы саяси кеңесінің мүшесі Болатхан Тайжанның пікірінше, "Қазақстандағы билікке қатысты реформаны ең алдымен президенттің билікте отыру мерзімінен бастаған жөн".

- Президент төрт жылдан екі мәрте ғана сайлана алады, яғни оның президент болу ең ұзақ мерзімі - 8 жылдан аспауы керек. Ал парламент сенатының Қазақстан сияқты мемлекет үшін еш қажеті жоқ, бір палаталы парламент, яғни мәжіліс - биліктің ең күштісі болуы керек, - дейді ол.

Алайда бұл пікірмен Алматыдағы Дінмұхамед Қонаев атындағы университеттің конституциялық және халықаралық заң кафедра меңгерушісі Қабдылсамит Айтхожин келіспейді. Оның пікірінше, "Қазақстан үшін екі палаталы парламент ең дұрыс жүйе" болмақ.

Қазақстандағы саяси жүйені реформалау мәселесіне арналған ұлттық комиссияның жұмыс тобының келесі отырысы қаңтар айының 20-сында өтпекші.
XS
SM
MD
LG