Accessibility links

Шет елдерге жұмыс іздеп баратын тәжіктерге енді жаңа паспорт алу қажет болады

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Биылғы қаңтар айынан бастап, ЕурАзия қауымдастығына мүше елдер – Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей азаматтары осы елдерге тек қана халықаралық паспортпен ғана бара алады.


Бірақ бұл жаңалық енді Ресей және өзге елдерге жұмыс іздеп келіп жатқан Тәжікстан азаматтары үшін үлкен мәселеге айналып отыр. Себебі, тәжіктердің 90 пайызында халықаралық паспорт жоқ көрінеді. Жалпы алғанда бұл шарадан кімдер ұтылмақ?

Осы мәселені анықтай түсу үшін, жыл сайын Ресейге барып жұмыс істейтін 600 мыңдай мигранттардың бірі - тәжік азаматы Насрұлло Ражабовты сөзге тартқан едік.

Азаттық радиосының тілшісіне Насрұллоның өзі айтқанындай, Ресейдің өзінде ондай паспортты беру әлі басталмаған.

- Жұрт ондай паспорттың қайдан шығатындығын, қанша тұратындығын, оны алу үшін қандай құжаттар қажет екендігін білмейді. Әзірше жағдай осылай, - дейді Насрұлло.

Дегенмен, биылғы қаңтардың бірінен бастап, ЕурАзия экономикалық аймағы елдеріне кіру үшін тәжік азаматтарынан халықаралық төлқұжат талап етіле бастаған.

Тәжікстанда ондай төлқұжат беретін арнайы кеңселер ашылып, осы кезге дейін 50 мыңдай тәжік азаматы халықаралық паспортқа ие болған. Жыл сайын жұмыс іздеп шет елдерді шарлайтын 1 миллиондай тәжік бар десек, бұл 50 мың, әрине, соны бір ғана шағын бөлігі.

Сарапшылардың пікірінше, егер осы көктемге дейін тәжік азаматтары жаңа паспортқа ие болмаса, онда оның экономикалық салдары ауыр болуы мүмкін, Себебі, қыс аяғынан бастап 100 мыңдаған тәжік азаматтары шет елдерге жұмыс іздеп шығады. Тек қана Ресейде жұмыс істеп жүрген тәжіктердің тапқаны өз еліндегі 6 миллиондай туысын бағуға жұмсалады екен.

Иммиграция және құқық жөніндегі бейүкіметтік ұйым, Мәскеудегі мигранттар орталығының жетекшісі Гаухар Жораеваның ол мәселеге байланысты Азаттық радиосына пікір білдірді.

- Ол паспорттың бағасы және қашан шығатынын ойлап Ресейдегі тәжік мигранттарының бастары қатты. Ол жөнінде әзірше ешқандай мәлімет те жоқ. Біз де жаңа хабар келгеннен соң жұртқа ол паспортты қашан алу жөнінде мәлімдейіз. Ал әзірше Мәскеу мен оның маңайында азаматтар полиция қолына түсіпті деген мәлімет жоқ, - деді Гаухар Жораева.

Мәскеудегі Тәжікстан елшілігінің өкілі Мухаммад Эгамзодтың айтуынша, қазіргі кезде Ресейде жұмыс істеп жүрген тәжік азаматтары күзге дейін қалуға құқығы бар. Ал бұл арада Ресей аймақтарында жаңа паспорт беретін 7 кеңсе ашылады дейді ол.

Сонымен, Ресейде жүргендердің тіркелу мерзімі одан әрі созылады.

- Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновтың жарлығымен Мәскеу, Санкт-Петербург, Волгоград, Новосибирск, Екатеринбург, Астрахань және Саратов қалаларында сондағы тәжік мигранттарына паспорт беретін кеңселер қаңтардың екінші жартысында ашылмақ, - дейді Тәжікстан елшілігінің өкілі Мухаммад Эгамзод.

Бірақ бұл деректі ресейлік ресмилер әзірше растаған жоқ. Кейбір талдаушылар бұл жаңа шара, енді онсыз да ауыр жағдайда жүрген тәжіктердің ахуалын одан әрі қиындата түседі. Тіпті күнкөріс қамында жүрген олар қорлық-зорлыққа душар болады деген болжам айтады.

Ал Душанбедегі көші-қон жөніндегі халықаралық агенттік басшысы Махмұд Надери бұл жаңа ереже шетелге заңсыз жолмен барып, тіркеусіз жұмыс істеп жүргендердің жағдайын қиындататындығын айтады.

- Көптеген мигранттар заңсыз жолдармен келіп тұрады. Олар - Ресейде тіркелмегендер. Міне солар заң орындарына барғанда, жаңа паспорт аларда қиындыққа кезігеді. Сондықтан жаңа паспорт ала алмаған олар жұмыстан шығарылып, елге қайтуға мәжбүр болады, - дейді Надери.

Оның айтуынша, Тәжікстанда жаңа паспорт 26 доллар тұрса, Ресейде жүрген тәжіктер ол үшін 60 доллар төлеуге мәжбүр.

- Бір айлық жалақы алатын тәжік азаматы үшін бұл өте көп ақша, - дейді талдаушы.
XS
SM
MD
LG