Accessibility links

Алматыда Дінмұхаммед Қонаевтың туған күні атап өтілді

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Қаңтардың 12-сі - советтік Қазақстанды ширек ғасырға жуық басқарған Дінмұхаммед Қонаевтың туған күні. Биыл оның туғанына 93 жыл толды.

Осынау атаулы күнге орай, совет заманында Дінмұхаммед Қонаевпен қызметтес болған бір топ адам бүгін Алматы қаласының орталығындағы Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жаңа мұражайдың ашылу рәсіміне қатысты.

1912 жылы қаңтардың 12-і күні Алматы қаласында дүниеге келген Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев 1936 жылы Мәскеудің түсті металл және алтын институтын бітіріп, тау инженері мамандығын игеріп шығады. Саяси қызметке 1942 жылдан бастап араласқан Қонаев Қазақстандағы 3 облыс, 43 қаланың ашылуына тікелей мұрындық болған.

Советтік Қазақстанды 24 жыл басқарған қайраткерді бүгінгі тәуелсіз Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахманов былайша еске алады:

- Баяғыда Димекеңді жаппай сынайтын науқан басталғанда, компартия пленумы үстінде күні кеше өзі тәрбиелегендер мінберге шығып, осы кісіні сынап жатқан кезде, мен жанына келіп, «Ассалаумағалейкум, Димеке!» деп сілемдесіп, ол кісіні жұбатқандай (ол кезде жаспын): «Дінмұхаммед Ахметұлы, біздің қолымыздан не келеді?» деп кешірім сұрағандай болдым. Сонда ол кісі: «Серік, біреу біліп былжырайды, біреу білмей былжырайды. Бірақ, осы 25 жыл ішінде Қазақстанның қарыштап дамығанын ешкім жоққа шығара алмайды» деген болатын. Сонда көрдім ештеңеге мойымай, тақтан айрылса да, өз биігінен құламаған кісі екенін.

«Барлық атақ-дәрежені Димекеңнің кезінде алғанын» айтқан танымал композитор Ескендір Хасанғалиев Қонаевты өзінің «рухани атасы» деп санайтынын жеткізді.

- Димекеңнің бір ғажап қасиеті - өнерге деген көзқарасы ерекше болатын. Әрбір композитордың қандай шығармалары бар - бәрін жатқа білетін. Димекеңнің өз атындағы халықаралық қор ашылған кезде ол кісінің көзі тірі болатын. Сонда ол кісі: «Осы қордың басқарма мүшесі қылып Ескендір інімізді сайлауымыз керек» деп айтып кеткен еді, - деп еске алды Ескендір Хасанғалиев.

Қонаев атындағы қоғамдық қордың вице-президенті Серік Әбдірайымұлы бүгінде Қазақстанда «тым болмағанда көшесіне Дінмұхаммед Ахметұлының есімі берілмеген елді-мекен жоқ» екендігін атап айта келе, бұны «ол кісіге деген елдің құрметіне» балайды.

- Оралда, Жамбылда, Шымкентте Димекеңе арналған ескерткіш кітаптар шықты. Жасалып жатқан шаралардың ең бастысы – Димекең туралы 4 сериялы фильмнің алғашқы 1-ші сериясы жарық көрді. Құдай қаласа, оны жақын арада көрермендер назарына ұсынбақшымыз, - деп хабарлады Серік Әбдірайымұлы.

Алматы қаласының орталығындағы Дінмұхаммед Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып болған соң, Қонаев атындағы мұражайдың ашылу рәсімі өтті.

- Мына алдарыңызда тұрған жұмыс столы - Димекеңнің сонау 1955-ші жылы министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған кезде 5 жыл бойы отырған жұмыс столы. Яғни, 1955-1960-шы жылдар аралығында Димекең осы столда талай министрлерді қабылдап, жұмыс істеген, - деп таныстырды мұражай қызметкері.

Бүгінгі шараға қатысқандардың бірі, Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Қонаевпен алғаш рет кездескенін еске алды.

- Ең алғаш Дінмұхаммед Ахметұлының қабылдауында 1974 жылы болдым. Өте мейірімді кісі болатын. Ол кісінің қабылдауынан қанша қиын түйткілді мәселелерді талқылағаннан кейін де күліп шығатынбыз, - деді Серікболсын Әбділдин.

Ол қазіргі кезде Қазақстанда «Қонаевтың еңбегі тиісті деңгейде дәріптелмей отыр» деген пікір білдірді.

- Осы жағынан олқылық бар. Біріншіден, Димекең сол үлкен қызметтен кете салысымен бас салған саясат болды ол кезде. Істеген ісін де, өзінің биіктен көрінгенін де сынға алып, теріс көзқарас болғаны бүгінде баршаға мәлім. Ал, кейінгі кездері мынау соңында қалған азаматтар жұмыс істеп, бүгін міне мұражай ашып жатыр. Бірақ, Димекеңнің даңқы үшін бұл жасалғандар өте аз. Қазір Димекеңнің еңбегін насихаттау жолындағы мемлекеттік саясаттың өзі өте тар шеңберде жүргізілуде, - дейді Серікболсын Әбділдин.

Оның бұл пікірін мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов та қуаттап отыр.

- Бауыржан Момышұлынан біреу: «Бауке, осы өмірде ақиқат пен шындық бар ма?» деп сұрапты. Сонда батыр ағамыз: «Бар, тек ондай ұғымдар 50 жылға кешігіп жүреді» деген екен. Димекеңе қатысты да осындай тіркесті айтуға болады, - дейді Серік Әбдірахманов.
XS
SM
MD
LG