Accessibility links

Қазақстан премьері екі орынбасарына жаңа міндеттерін айқындап берді

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстан үкіметінің жетекшісі Даниал Ахметовтың өкімімен бір-бірінің міндетін қайталайтын 11 агенттік пен комитеттер біріктіріліп, премьердің екі орынбасарының атқаратын міндеттері айқындалды.

Қазақстан премьер-министрі Даниал Ахметовтың өкімімен оның орынбасарлары Ахметжан Есімов пен Сауат Мыңбаевтың және үкімет кеңсесінің жетекшісі Алтай Тілеубердиннің атқаратын міндеттері айқындалды.

Олар өткен жылы ғана үкімет мүшесі болған Григорий Марченко, Александр Павлов, Бірғаным Әйтімованың міндеттерін өзара бөлісті. Бұған саясатшылар мен бұрын үкімет мүшесі болған адамдардың пікірлері әрқилы.

Он жыл бойы үкімет мүшесі болған, қазірде «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы «үкімет барынша оңтайлы болуы керек, негізгі салмақ министрліктерге түсге тиіс» деп санайды. Кезінде Қазақстан ұлттық банкінің төрағасы, үкімет мүшесі болған Ғалым Байназаров «берітінге дейін бір-бірінің міндетін қайталайтын салалық министрліктер, агенттіктер мен комитеттер де көп болды. Соңғы уақытқа дейін үкімет басшысының төрт-бес орынбасары болып келгені рас» дейді.

Қазақстанның коммунистік партиясының төрағасы Серікболсын Әбділдин болса үкімет мүшелері мен министрлердің жиі орын ауысуы «ел экономикасының дұрыс қалыптасуына кері әсерін тигізеді» деп отыр. Бұл тұрғыдан ол Қазақстан президентін «экономиканы басқарудың бір жүйесіне тоқтала алмай жүр» деп сынайды.

«Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы егер әлеуметтік саланың министрлері «өз тұжырымдамаларымен дербес жұмыс істей алатын болса, сондай-ақ бағдарламаларын президенттің, үкімет пен парламенттің алдында мойындата алатын болса, онда үкіметтің жұмысы әлдеқайда жеңілдейтінін» айтады.

Ал компартия жетекшісі Серікболсын Әбділдин министрліктермен қатар жергілікті атқару билігіне де құзырлы міндеттер жүктелгенін жөн деп есептейді.

Сонымен, 2004 жылы Даниал Ахметов басқарған үкімет Григорий Марченко, Александр Павлов, Бірғаным Әйтімова секілді премьер-министрдің орынбасарларымен қоштасты. Олардың лауазымы және бір-бірінің міндетін қайталайтын 11 агенттік пен комитеттер біріктірілді.

Ресми емес мәліметтерге қарағанда, 1,5 мыңға жуық кіші деңгейдегі мемлекеттік қызметкер жаңа басшылықпен қайтадан келісім-шартқа отыра бастады.
XS
SM
MD
LG