Accessibility links

АҚШ ғарыш кемесі кометамен соқтығысу сапарына аттанды


Америка уақыты бойынша сәрсенбі, ал Қазақстан мезгіл өлшеміне сай бейсенбі күні АҚШ ғарыш кемесі өзінің алты айға арналған сапарын бастады. Оның соңында, яғни шілденің 4-і күні кеме кометамен соқтығысуы тиіс.

“Терең соққы” деп аталатын ғарыш кемесі өзімен бірге жарылғыш затты алып бармақшы. Ол зат өз кезегінде “Темпл 1” атты кометаға соқтығысуы тиіс. Соның салдарынан метеорит шұңқыры қалыптаспақшы. Осы үдеріс кезінде буланып шыққан заттар кометаның соңында жолақ жасайтын болады. Ол жолақ жерден қарағанда да көрініп тұратын түрі бар.

Бұл - түбірімен өзгеше ғарыштық мақсат болмақшы. Себебі, жер шарындағы адамзат баласы “Темпл 1” кометасы мен жарылғыш заттың соқтығысуының нәтижесін жерден көре алатын болады.

Ғарышкер және АҚШ-тың Мериланд университетіндегі “Терең соққы” атты ғарыштық зерттеу тобның мүшесі доктор Люсиан Макфадн өз сөзінде терең толқыныс сезімде екендерін айтты.

- Шын мәнінде шілденің 4-і күні әлемдегі барлық телескоптар сол кометаны бақылайтын болады. Және біз бұл үдерісті одан бұрын да, одан кейін де назарда ұстайтын боламыз. Сондай-ақ телескопы жоқ, қатардағы адамдар да бинокльмен бұл құбылысты, яғни соқтығысу салдарынан пайда болған жарықты бақылай алатын болады деп сенеміз. Тіпті бұл жерде ешқандай құралдарсыз-ақ ол құбылыстардың көзге көрінуі ықтимал, - деді доктор Макфадн.

Ғарыш кемесінің басты бөлігі мықты камералармен жарақтандырылған. Ол құралдар комета құрылымын зерттеу үшін қажет. Кометаның мұзды да жартасты кіндігіне ол кеме 500 километрдей жақын келмекші.

Жоғарыда аталған жарылғыш заттың диаметрі - бір метрдей, салмағы - 370 килограмм. Ол өз кезегінде кометаны соғуға секундына 10 километрден аса жылдамдықпен жақындар алдында кометаның бетіндегі көріністер жайлы егжей-тегжейлі суреттерді жерге жіберетін болады. Бұдан бұрын кометаға роботпен басқарылатын ғарыш кемесі жіберілген еді. Алайда ол жолы тек комета бетінің суреттері тартылып, ал оның қатпарларына бойлау мүмкін болмай қалған-ды.

Нысанаға алынып отырған алты километрлік “Темпл 1” кометасын 1867 жылы неміс ғалымы ашқан екен. Бұл жолғы ұшу сапарының басты және бірінші мақсаты - комета құрылымына химиялық зерттеу жүргізу. Себебі, комета құрамында Күн жүйесін жасауға қатысқан, бастапқы материалдар сақталып қалған деген сенім бар.

Доктор Макфаднның айтуынша, екінші себеп - кометадағы көміртегінің құрамын анықтау. Мүмкін осы арқылы кезінде тіршіліктің қалай дамығандығын түсіну кілті табылар дейді ғалымдар. Себебі, миллиардтаған жылдар бұрын, Жер планетасы қалыптаса бастаған кезде оған келіп комета соқтығысқан деген болжам бар.

“Темпл 1” кометасын зерттеудегі үшінші мақсат - алыс болашақта ол комета жерді келіп соғуы мүмкін деген шамалы ғана ықтималды болжам бар. Сондықтан ол комета жайлы көбірек білу, оның соғу салдарының барынша заласыз болуына және оның алдын-алуға мүмкіндік берер еді дейді ғалым.

Ғарыш кемесінің кометаға соқтығысуы биылғы шілденің 4-і, яғни Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздік күнінде жүзеге асырылмақшы.
XS
SM
MD
LG