Accessibility links

2004 жылы оралмандар көшіне бөлінген 668 миллион теңге игерілмеген

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамындағы көші-қон комитеті 2004 жылы шетелде тұратын қазақтарды тарихи отанға көшіріп әкелу мақсатына бөлінген қаржының 668 миллион теңгесін игере алмаған.

Көші-қон комитетінің жаңа басшылығы бұрынғы қызметкерлердің тең жартысын жұмыстан шығарған. Бірер ай бұрын ғана үкімет құрамында агенттік мәртебесінде болған бұл мекеменің жұмысын премьер-министр Даниал Ахметов қатты сынға алып, республикалық бюджеттен бөлінген 800 миллион теңгені игере алмағанын мәлімдеген еді.

Көші-қон комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиевтің айтуынша, жыл аяғына дейін агенттік бюджеттен бөлінген қаржының 800 миллион теңгесін игеруді бүгінге дейін толық атқара алмай отырған көрінеді. Қазірге дейін 668 миллион теңгеге төмендеген. Қостанай облыстық көші-қон басқармасының бастығы Ақшал Қаражановтың айтуынша, бюджет қаржысының игерілмеуі - оралмандарды көшіріп әкелуге тиісті құжаттардың уақытында толтырылмауынан болып отыр.

- 2005 жылға Қостанай облысына 885 отбасын көшіріп әкелу міндеттеліп отыр. Алайда, оралмандарға берілетін бір реттік 97 мың теңге жәрдемақы олардың пәтер алу мәселесін шеше алмайды, - дейді Ақшал Қаражанов.

Комитет төрағасы Жазбек Әбдиев болса, биылғы жылы Қазақстанға 15 мың отбасын көшіріп әкелу, оның ішінде 10 мың 885 отбасы Өзбекстаннан келеді деп жоспарланғанын айтады.

- Олар, әрине, оңтүстік облыстарды таңдайды. Оңтүстік өңірге көшіп келушілер көп болғандықтан заң бұзушылық та сонда көп болатыны рас. Сондықтан, солтүстік облыстарды көбірек қамтыған жөн, - дейді комитет төрағасы.

Алматы облыстық көші-қон басқармасының бастығы Мағжан Сабыншиевтің айтуынша, өткен жылдары Алматы облысына көшіп келген елу мың отбасының тоғыз мыңы ғана квотаға енген. Соған байланысты оралман Думан Аманұлы деген азамат көші-қон қызметіндегі жауапты қызметкерлер оралманға бірден азаматтық әпергісі келетіндігін, "оның артында қаржыға қатысты мәселе тұрғандығын" атап көрсетеді.

Алматы облыстық көші-қон басқармасының бастығы Мағжан Сабыншиев болса, сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын заңның осы олқы тұсы жаңа жыл қарсаңында ретке келтірілгендігін айтып отыр. Комитет төрағасы Жазбек Әбдиев болса, агенттіктен комитетке айналу арқылы да бірқатар мамандар қысқарса, талаптың күшеюіне байланысты сынақтан өте алмағандар да болғандығын жасырмайды.

Сұқбат барысында комитет төрағасы көші-қон саласында "сыбайлас жемқорлық оқиғасы кездеспегендігін" айтты. Ал, қаңтардың 14-індегі сала басшыларының қаржы мәселесіне арналған республикалық кеңесі журналистерсіз, жабық есік жағдайында өткізілмекші.
XS
SM
MD
LG