Accessibility links

Ғылым мен педагогика саласында үздік жұмыстарға стипендиялар тапсырылды

  • Айнагүл САҒДИ

Қаңтардың 13-і күні білім және ғылым министрлігі ең үздік ғылыми ізденістер мен жұмыстарға атаулы стипендияларды табыс етті. Үкімет жанындағы жоғары ғылыми техникалық комиссияның сараптауынан өткен 49 жұмыстың 17-сі жеңімпаз деп танылды.


2004 жылдың қазан айында ғылым мен педагогика саласында сыйлықтар беру туралы жарияланған байқауға барлығы 50-ге жуық жұмыс тапсырылып, соның ішінен теориялық және практикалық маңызы және ғылыми мәселені шешуде ерекшелігі бар деп танылған 17 жұмыс жоғары баға алды.

Атаулы стипендиялар мен арнайы дипломдарды Қазақстан білім және ғылым миинстрі Бірғаным Әйтімова тапсырды. Күлтегін атындағы түркология ғылымдары саласындағы аса зор жетістігі үшін «Орхон» ескерткіші: мәтіні, мәні және аудармасы» тақырыбындағы жұмыстар сериясына байланысты Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығының жетекшісі Мырзатай Жолдасбеков ие болды.

- Бұл көп жылғы еңбегімнің жемісі. Ұзақ жылғы еңбегіміз осылай бағаланып жатса, алдағы уақытта ғылымда бірталай табыстарға жетеміз деп ойлаймын. Біздің бәріміздің жүріп өткен жолымыз – білім саласы меһнатқа толы, бірақ елге өте керек, ешкім аттап кете алмайтын сала. Қадалып отырып жұмыс істемесе, бұл салада жұмыс жүрмейді, - дейді Мырзатай Жолдасбеков.

Педагогика саласындағы үздік ғылыми зерттеулері үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің кафедра доценті Айман Файзоллақызы сыйлыққа ие болды.

- Мемлекеттік тілді оқыту мәселесі туралы жазылған көп жыл бойғы зерттеу еңбектерімізді жарыққа шығарып отырмыз, бұл мемлекет үшін аса қажет дүние. Бұл еңбек әр біреуі 300 беттен тұратын 3 үлкен оқулықтан тұрады. Бүгінгі күні біздің республикамызда мемлекеттік тілді оқыту алғашқы кезекте тұрған мәселе. Бұл еңбекте, теориялық жағынан, коммуникативтік қатынас жағынан, грамматикалық жағынан қалай оқыту мәселесі жинақталып отыр, - дейді Айман Файзоллақызы.

Сондай-ақ, «Бір өсті сығылған галоидты кристалдардағы электрондық қозулардың релаксациясын зерттеу» жұмыстары сериясы үшін Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының авторлар ұжымы Қуанышбек Шүңкеев, Ербол Сармұханов, Әмірбек Бекешев, Шынар Сағымбаева, Сағын Төлепбергенов және «Студенттердің реттеу жүйелерін ұйымдастырудың индивидуалдық-типологиялық ерекшеліктері» жұмысы үшін Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясының оқытушысы, жас ғалым Марина Сорокинаға дипломдар мен 200 теңгелік стипендиялар тапсырылды.

Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова байқау жеңімпаздары үлкен академик, ғалымдардың сараптауы бойынша анықталғандығын айта келіп, атаулы стипендиялар беру дәстүрге айналатындығын айтты.

Қ.И.Сәтпаев, М.О.Әуезов, Д.А.Қонаев, Ы.Алтынсарин атындағы сыйлықтар тапсыру рәсімі қаңтардың 15-і күні Алматыда жалғасатын болады.
XS
SM
MD
LG