Accessibility links

Қазақ оппозициясы мемлекеттің 30 миллион доллары ұрланды деп есептейді


Қазақстанның демократиялық күштері үйлестіру кеңесі Байқоңыр ғарышжайын жалға алғаны үшін Ресейдің Қазақстанға төлем ретінде берген 30 миллион доллар қолды болды деп санайды. Қазақ оппозициясы осы мәселеге байланысты екі елдің басшыларына үндеу жолдады.

Қазақстанның Байқоңыр ғарышжайын жалға алғаны үшін Ресейдің төлемі - 30 миллион доллардың қолды болуы екі мемлекеттің қарым-қатынасына көлеңке түсіруі мүмкін деп есептейді Қазақстанның демократиялық күштері үйлестіру кеңесі. Сондықтан, олар қаңтардың 13-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путинге арнап үндеу қабылдады.

- Егер біз екі ел арасындағы, әсіресе экономикалық интеграцияны сыбайласқан жемқорлық жолымен қалыптастыратын болсақ, онда екі елдің экономикасында даму болмайды. Ал мына Байқоңыр ғарышжайын жалға алу бойынша Ресей төлемдерін Қазақстанға өтеудің жолдарын жасайтын схема – нағыз сыбайластық пен жемқорлық схемасы. Бұл жөнінде газеттер жазды. Ресейдің Есеп комитетінің төрағасы Сергей Степашин «мұны терең зерттеу керек, онда тәртіп бұзушылық бар» дегендей мәлімдеме де жасады. Ал, өкінішке қарай, осыған қатысы бар Қазақстанның биік лауазымды адамдары бұл істі жауып тасатуға тырысып жатыр. Екі ел арасындағы қарым-қатанысты нығайтуды, экономикалық даму барысын ойласақ, онда оны сыбайластық пен жемқорлықтан арылтуымыз керек. Ол үшін тілге тиек етіп отырған мәселе түбіне дейін зерттеліп, кінәлі адамдар жазалануы тиіс, - дейді Қазақстанның демократиялық күштері үйлестіру кеңесінің мүшесі, Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Алайда, Қазақстан парламенті мәжілісінің халықаралық істер комитетінің мүшесі Уәлихан Қалижан оппозиция өкілдерінің бұл мәселені көтеруі негізсіз деп санайды. Оның сөзінше "бұған дейін үкімет тарапынан бұл орайда баға берілген".

- Осыған орай мемлекеттік комиссия құрылды. Степашин мырзаның қорытындысы жарияланды. Сондықтан да, көз жетпеген, дәлелденбеген мәселеде басқа көзқарас болуы тиіс емес. Мен депутат ретінде ол ақша бюджетке түсті ме, түспеді ме, білмеймін. Бірақ Степашинның жауабын қарағаннан кейін, ақша толықтай түсті деп ойлаймын, - дейді депутат Уәлихан Қалижан.

Әйткенмен, былтыр парламентте осы шатақ оқиғаны көтеріп, депутаттық сауал жасаған парламенттің бұрынғы мүшесі Төлен Тоқтасынов "әлі күнге дейін бұл істі зерттеуде Қазақстанда нақты қадамдар жасалмай отыр" деген пікір білдірді.

- Мен депутаттық сауал жасағаннан бері ешқандай өзгеріс жоқ. Биліктің, президенттің тарапынан бұл мәселеге ешқандай көңіл бөлінген жоқ. Құқық қорғау орындары тергеу жүргізген жоқ, - дейді экс-депутат Төлен Тоқтасынов.

Ол былтырғы өз сауалында нақты адамдардың аты-жөндері аталғанын да еске салды.

- Біріншіден, сол депутаттық сауалда, хатта, үйлестіру кеңесінің үндеуін қарап отырсаңыз, бұл іс президенттің маңайында жүрген ең жақын адамдарына байланысты. Мен жолдаған депутаттық сауалда сол кездегі премьер-министр Иманғали Тасмағамбетовтің, «Отан» партиясының саяси кеңесінің мүшесі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Ерлан Атамқұловтың аты аталады, - деді Төлен Тоқтасынов.

Сонымен бірге бұл уақытта осынау даулы істі зерттеу Ресейде қарқын алып, президент әкімшілігіне дейін жолданғанын атап айтты Төлен Тоқтасынов:

- Біз көтерген мәселе өз орнын тапты. Менің естуімше, Есеп комитетінің құжаттары Путин әкімшілігіне жіберілді.

Әйтсе де, Ресей президенті Путин мен Қазақстан президенті Назарбаевтың Алматыдағы кездесуінде бұл мәселе көтерілген жоқ. Бірақ, Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің пресс-атташесі Петр Фролов алдыңғы аптаға жоспарланып отырған Мәскеудегі екі президенттің кездесуінде осы мәселе сөз болуы мүмкін екендігін жоққа шығармайды:

- Егер кездесудің күн тәртібіне кірсе, онда қаралады...

Бұл уақытта қазақ парламентіндегі кейбір депутаттар бұл оқиғаға байланысты қайтара депутаттық сауал даярлауға әзір. Мәселен, мәжілістің халықаралық істер комитетінің мүшесі Ерасыл Әбілқасымов:

- Маған жолданса, мен депутаттық сауал әзірлеп, бұны тексертер едім. Меніңше, депутаттар бұдан тысқары қалмауы тиіс. Тіпті депутаттардың жұмысшы тобын құру керек, - деді..

Бұған дейін қыркүйек айында Қазақстан мен Ресей қаржы орындары Байқоңыр ғарышжайының төлемдері бойынша бірлесе тексеріс жүргізуге уағдаласқан болатын.
XS
SM
MD
LG