Accessibility links

Баспасөзге шолу. 15 қаңтар 2005 жыл.


Апта соңында шыққан газеттерде Алматыдағы мамандандырылған экономикалық соттың шығарған “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” жабу туралы шешіміне байланысты мақалалар жарияланған. Оппозициялық газеттер мұны Қазақстанда мерзімінен бұрын өтуі мүмкін президенттік сайлаумен байланыстырған.

“Республика” басылымы үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Қазақстанда мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтеді деген болжам жасап, елдің саяси өмірінде орын алып жатқан оқиғаларды осы шараның алдындағы дайындық ретінде бағалапты. Астанадан алынған бейресми ақпарат бұлақтарының хабарлауынша, президент әкімшілігінің қызметкерлері немесе жергілікті шенеуніктердің арасында конституция бойынша Қазақстанда президенттік сайлау өтуге санаулы айлар қалғанда ресми биліктің оппозицияға қарсы шабуылы тек түсінбестік туғызған деп жазады басылым.

Газет тілшісінің болжамы бойынша, ресми биліктің оппозицияға қарсы шабуылына Алматы қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Еуразиялық топтың басшысы Александр Машкевич және премьер-министр Даниял Ахметов қана риза болған. Дегенмен мақала авторы қалай болған күнде де “Қазақстанның демократиялық таңдауы” партиясын жабу туралы бұйрықты мемлекет басшысы бергендігіне күмән келтіруге болмайды деп есептейді.

Мұхаметжан Әділовтың жасаған талдауына сүйенсек, "ендігі уақытта Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биліктен айырылмауға бар күшін салады". Оның себебін мақала авторы: "...егер алдағы президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев жеңілсе, оның Қазақстанда жасалған коррупциялық қылмыстар үшін жауап беруіне тура келетіндігімен" түсіндіріпті.

“Азат” басылымында “Хьюман райтс уотч” халықаралық ұйымының Орталық Азия және Еуропа елдері бойынша атқарушы директоры Рэйчел Дэнбердің Алматының мамандандарылған экономикалық сотының “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” мәжбүрлеп жабу туралы шешім шығарғандығына орай алаңдаушылық танытып, Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған ашық хаты жарық көріпті.

“Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” жабу - үкіметтің Украинада өткен оқиғаларға деген реакцияның ұшқыны деп түсінеміз. Бұл, сөз жоқ, Қазақстанда 2006 жылға белгіленіп отырған президент сайлауы қарсаңында оппозицияға үлкен соққы, сонымен бірге ол алдағы сайлауда болуға тиіс плюрализм рухына да үлкен кедергі” делінген “Азат” тәуелсіз басылымында жарық көрген “Хьюман райтс уотч” халықаралық ұйымының Алматының мамандандырылған экономикалық сотының “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” мәжбүрлеп жабу туралы шешім шығарғандығына байланысты жасаған мәлімдемесінде.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиев “Начнем с понедельника” басылымына берген сұхбатында сот шешімімен “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” жабу туралы шешім шығаруын "дұрыс әрекет емес" деп есептейтіндігін білдіріпті. Оның айтуынша, "кез-келген саяси партияның өзіндік көзқарасы болуға құқы бар". Сондай-ақ саясаттанушы оппозициялық партияның мәлімдемесіндегі айтылған сөздердің "экстремизмді уағыздау болып саналатындығын дәлелдеудің өте қиын екендігін" де тілге тиек етіпті.

Жаңадан шыға бастаған “Жас қазақ” басылымында жарық көрген “ҚДТ жабылды. Не ұттық?” атты мақалада “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” соңғы жылдардағы іс-қимылдары сынға алыныпты. Мақала авторының айтуынша, “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясы” бастапқы кезде бір ғана топтың мезгілсіз оянған саяси амбициясының салдарынан бас сауғалауға арналған “бункер партия”, саяси перде ретінде құрылған. Сондай-ақ мақала авторы "шын мәнісінде де соңғы кездерде “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының ” елдегі саяси тұрақтылықты бұзатын шараларды іске асыра бастағандығы туралы" өзінше дәлелдер келтіріпті.

Жаңадан жарық көре бастаған тағы бір басылым - “Central Asia Monitor” газеті де осы оқиғаға талдау жасай келіп, "дәл қазіргі уақытта саяси алаңда ертеңгі күні қандай құбылмалы өзгерістердің және саяси ойынның қалай жүретіндігін тап басудың қиын екендігін" жазыпты. Сондай-ақ аталмыш басылымда “Ақ жол” демократиялық партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтың бұл әрекеттердің бәрін де "ресми биліктің “Ақ жолды” радикалдық жолға түсіруге тырысып жатқан қадамы" ретінде бағалаған пікірі де мысалға келтіріліпті. Әлихан Бәйменовтың айтуынша, дәл қазіргі уақытта "билік конструктивтік оппозиядан қатты сескеніп отыр".

“Новое поколение” апталығы болса “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясының” басшысы Асылбек Қожахметовтың өз партиясының тек құқықтық негізде жұмыс жасайтындығын мәлімдегендігін, алайда "оның өз уәдесінде тұрмағандығын" жазған.
XS
SM
MD
LG