Accessibility links

Ұлттық есеп Қазақстанның білім саласындағы кемшіліктерді тізіп шықты


Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының тұрақты өкілі Қазақстандағы білім жүйесін оқушылардың өмірлік маңызды мәселелерді оқып-үйренуін дамытуға бағыттау қажеттігін айтады.

"Қазақстандағы білім беру жүйесінің деңгейі айтарлықтай жоғары, әйткенмен, білім жүйесі оқушылардың өмірлік маңызды мәселелерді оқып-үйренуін дамытуға бағытталғаны жөн". Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының тұрақты өкілі, Қазақстандағы БҰҰ үйлестірушісі Юрико Шоджи қаңтардың 14-інде Қазақстан парламенті сенатында өткен "2004 жылғы адам дамуы туралы" ұлттық есептің білім беру мәселесіне арналған тұсаукесерінде осындай ұсыныс жасады.

Қазақстандағы білім секторына арналған есепте шетелдік зерттеулерге сәйкес постиндустриалды қоғам үшін ересек халықтың 30 пайызы жоғары білім алуы қажеттілігі айтылады. Алайда, Қазақстандағы қазіргі білім жүйесыі әзірше мұндай көлемде білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға қабілетті емес деп көрсетілген. Себептердің бірі ретінде оқу орындарын ел аймағы бойынша шоғырландырудың теңсіздігі, 180 жоғары оқу орындарының 69-ы - Алматыда, 19-ы - Оңтүстік Қазақстанда, 15-і - Қарағандыда орналасқаны аталады.

Білімге арналған есептің тұсаукесеріне қатысқан парламент депутаттары қазақстандық білім беру жүйесіндегі басқа да мәселелерге көңіл бөліп отыр.

Қазақстан Республикасы парламенті сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов елдегі білім секторына арналған есепте материалдардың жан-жақты қамтылғанын айтады. Қазақстанның білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова аталған есепте көрсетілген бірқатар кемшіліктермен келіспеуге болмайтынын, дегенмен олардың үкіметтің және министрлік қызметінің жоспарында көрініс тапқанын алға тартты.

- 2004 жылдың желтоқсанында тіисті заң қабылданды. Онда өкілеттіліктің аражігін айыру, оның ішінде білім жүйесін басқаруға қатысты мәселелер де бар, - деді министр.

Бірғаным Әйтімова елде "балабақшалар қалпына келтіріліп жатқанына" да тоқталды.

- 2004 жылдың өзінде ғана 55 балабақшаны қалпына келтірдік. Апатты жағдайдағы мектептердің, оқушы орындарының тапшылық жағдайы шешіліп жатыр. «Ауыл мектебі» бағдарламасы аясында тек 2003-2005 жылдардың арасында 63 жаңа мектеп салынады, - деді білім және ғылым министрі.

Оның айтуынша, 2004 жылы елде мектепке дейінгі 117 шағын орталық салынған, оның 67-і ауыл мектебінің базасында. Алайда парламент сенатының депутаты Зәуреш Батталова министрлік пен парламент тарапынан болатын есептер ойдан шықпайды деп отыр.

Парламент мәжілісінің депутаты Владимир Егоров ТМД-да және Қазақстанда адам дамуының қазіргі жағдайы төмендеп бара жатқанын айтады.

- Қазақстан осы салада 1990 жылы әлемнің 177 мемлекетінің арасында 54-ші орында болса, қазір 78 орынға түскен. Сондай-ақ адам дамуы жолында біз Ресейден қалып барамыз. Мұндай жағдайға себеп болған жайттардың бірі - 1990 және 2003 жылдардың арасында мемлекеттік білім беру саласына бөлінетін қаржының күрт қысқарғандығында. Мәселен, 1990 жылы бұл қаржы ішкі жалпы өнімнің 8,2 пайызын құраса, 1995 жылы - 4,5, 2003 жылы - 3,3, ал 2004 жылы - 3,5 пайызын құрады, - дейді депутат Владимир Егоров.

Оның пікірінше, 2000 жылдан бастап республикалық бюджет шығыстарының көлемі ұлғайып жатқанына қарамастан білім саласына Қазақстан үкіметі жеткіліксіз қаржы бөліп келеді.

Адам дамуы туралы ұлттық есепті Қазақстандағы БҰҰДБ 1995 жылдан бері шығарып келеді.
XS
SM
MD
LG