Accessibility links

Мәскеуде "Қазақстан азаматын өлтірген" деген айып тағылған скинхедтердің соты өтіп жатыр

  • Ескендір ЕРТАЙ

Ресей астанасында скинхедтердің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот өтіп жатыр. Оларға былтыр қараша айында Мәскеуде Қазақстан азаматы Яков Канды пышақтап өлтірген деген айып тағылған.

Мәскеу қаласында Қазақстан азаматы Яков Канның өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесінде бір топ скинхедке айып тағылып отыр.

Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің баспасөз хатшысы Ғани Шәдіровтың айтуынша, өткен жылдың қараша айында Мәскеуде кісі қолынан қаза болған Қазақстан азаматы Яков Канның өліміне қатысты қылмыстық істе қаладағы аудандардың бірінің жеті жігітіне "өзге ұлттың өкілі болғандығы үшін адамды пышақтап өлтірген" деген айып тағылған.

Желтоқсандағы сол оқиға Қазақстан қоғамында біршама реакция туғызған еді. Саясаттанушы Әзімбай Ғали "көршілес елдер ғана емес, жалпы шетелдегі қазақстандықтардың құқығының қорғалуы өз дәрежесінде болмай отыр" деген пікір білдіреді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдық департаменті директорының орынбасары Ырысқали Дәуренбек шетелдегі қазақстандықтарды қорғаудың "жүйелі бір заңдылығы жоқ" деген пікірмен келіседі.

- Шетелдегі Қазақстан азаматтарын қорғау туралы заң жобасы жасалып жатқан көрінеді. Ондай заңның қажеттілігіне, мысалы, жақында оңтүстік-шығыс Азиядағы цунами апатынан соң қазақстандықтарды түгелдей қайтарғанда көп мәселелерге көз жеткіздік, - дейді министрлік өкілі.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали тек заң шығарып қана қою аздық ететінін, шетелдегі қазақстандықтардың құқығының сақталмайтыны туралы "ақ кітап шығару қажет" деген пікір білдіреді.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің баспасөз хатшысы Ғани Шәдіровтың айтуынша, Қазақстан азаматын өлтіру оқиғасы бойынша "тақырбас-скинхедтердің" үстінен болып жатқан сот үрдісін консулдық қызметкері Ерсін Ыбыраев бақылап отыр.

Сыртқы істер министрлігі консулдық департаменті директорының орынбасары Ырысқали Дәуренбектің айтуынша, шетелдегі қазақстандық азаматтардың құқығы бұзылған турасында өткен жылы министрлікке 180 рет телефон шалынған.
XS
SM
MD
LG