Accessibility links

Қаңтардың 20-сы күні Құрбан айт басталады

  • Айнагүл САҒДИ

Мұсылмандардың үлкен діни мейрамдарының бірі - Құрбан айт биыл Қазақстанда қаңтардың 20-сы күні басталады.

Астана қаласы орталық мешітінің бас имамы құрбандыққа тек түрт түлік малды ғана шалуға болатындығын және айт намазы оқылғаннан кейін ғана мал сойылатындығын айтады. Ал Астанадан айт намазы қаңтардың 20-сы күні таңғы сағат тоғыз жарымда оқылатын болды.

«Құрбан шалу Алланың берген нығметтеріне шүкіршілік борышынан құтылу, бұл күндері мал союға шамасы жететін адамдар құрбандыққа шалған малдың етін кедей-кепшіктерге, жетім-жесірлерге таратып, шүкіршілік етулері керек. Құрбандықтың өзін аруақтар разылығы үшін, тағы басқадай себептермен шалуға болмайды. «Раббым Алла, Ибраһим пайғамбардың құрбандығын қабыл еткендей менен қабыл ете гөр», деп тұрып шалуымыз керек. Сол құрбандық малының етін ең кемінде үшке бөліп ағайын-туғандардың, көрші-қолаңдардың ішінде жағдайы төмендері болса соларға бөліп беріп, қалған бір бөлігін өзі алып қалып, жанұясымен тәбәрік қылып жеуіне болады» - дейді Астана қаласы орталық мешітінің бас имамы Қалижан Байырбекұлы.

Оның айтуынша, құрбандыққа төрт түлік мал – түйе, сиыр, қой және ешкі ғана жарайды екен. «Құрбандыққа шалынатын қой мен ешкі 1 жасқа толған, ал түйе мен сиыр 2 жастан 5 жасқа дейінгі аралықта болу керек. Бір немесе екі көзі соқыр, аяғын баса алмайтын ақсақ, мүйізі түбінен сынған немесе ауру малдарды союға болмайды және шын ниетімен құрбан шалу қажет. Кейбіреулер түк таппасаң тауықты да союға болады деп айтып жатады. Олай емес, түк таппаған адамға Алла тағала құрбандық шалуды бұйырмайды. Ондай сөз жоқ шариғатта», - дейді бас имам.

Құрбандық жайлы жұртшылықтың пікірін білгенімізде өзін Гүлзада Омарқызы деп таныстырған келіншек өзінің жыл сайын құрбан шалатындығын, алайда кез-келген адамның қой немесе ешкі союға шамалары келе бермейтіндігін айтады.

«Құрбан айтты жылда шаламыз, ол тірі адамның құдайысы деген сөз бар ғой. Бұрын ауылда тұрғанда қара малға бірігетінбіз, қазір қалада тұрғаннан кейін сатып аламыз. Қойдың бағасы айт кезінде өте шырқап кетеді, қарапайым адамдардың сатып алуға шамалары келе бермейді. Біз өзіміз ауылдан алып келеміз», - десе, Зияда Жағыпаров құрбан айтқа дайындалып жатқандығын айтады. Астанаға жақын маңдағы ауылдардың бірінен келген ол құрбан шалу міндетіміз деп есептейді. «Мұсылман бола тұра айт шалмасақ қандай қазақпыз. Қолымда әке-шешем бар, үлкен адамдар отырған соң айт шалу міндетіміз», - дейді.

Астана қаласы орталық мешітінің бас имамы Қалижан Байырбекұлы жұртшылықтың құрбан айт пен шекті көп шатастыратындықтарын айтады. Оның айтуынша, шек 1 жыл бойы кез-келген уақытта жасалатын амалдардың бірі, сондықтан да құрбандықтан шекті еш уақытта артық санауға болмайды. «Жалпы, құрбан деген сөздің өзі Аллаға жақындық деген мағынаны береді. Өзінің борышынан құтылу деген сөз. Ал кей адамдар айтқа 1 күн қалған уақытты шек деп құрбандықпен шатастырып жатады», - дейді бас имам.

«Құрбандық шалудың уақыты – Құрбан айтының бірінші, екінші және үшінші күніне сәйкес келеді. Үшінші күні күн батқан соң құрбандық шалуға болмайды. Және міндетті түрде күн шығып айт намазы оқылғаннан кейін барып сойылады. Астанада күн қаңтардың 20-сы күні таңғы сағат тоғыздан үш минут кеткен кезде шығып, айт намазы тоғыз жарымда оқылады», - дейді Қалижан Байырбекұлы.
XS
SM
MD
LG