Accessibility links

Қазақстан мен Ресей арасында мемлекеттік шекара учаскесін делимитациялау туралы шартқа қол қойылмақ

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қаңтардың 17-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей Федерациясына екі күндік ресми сапары басталды. Қазақстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жолы бірқатар екі жақты құжаттарға, соның ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара учаскесін делимитациялау туралы шартқа қол қойылмақ.

Аталған ақпарат көзінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың сапар бағдарламасы Ресей үкіметінің басшысы Михайл Фрадковпен кездесуден басталады. Онда екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланбақ. Ал, сапардың негізгі ресми іс-шаралары қаңтардың 18-інде өтікізілмек.

Кремльде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин арасында келіссөздер өтіп, бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылмақ. Оның ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара учаскесін делимитациялау туралы шарт мейлінше маңызды құжат ретінде аталады.

Қаңтардың 17-і күні Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметкері Мұхтар Кәрібай Мәскеу қаласында Қазақстан мен Ресей үкіметтің делегацияларының екі ел арасындағы шекараны делимитациялау жұмысын аяқтап, Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекара туралы шарттың мемлекет басшылары деңгейінде қол қоюға әзірленгенін айтты. 1999 жылы тамызда басталған келіссөздердің нәтижесінде әлем бойынша құрлықтағы ең ұзақ шекаралардың бірін делимитациялау процесі аяқталды дейді Мұхтар Кәрібай.

Ұлтық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов Ресеймен арадағы шекара мәселесін шешудің өзі Қазақстан үшін маңызды деп санайды. Қазақстанның Мәскеудегі бұрынғы елшісі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны делимитациялау жөнінде мемлекетік шартқа қол қойылса - ол үлкен дипломатиялық табыс, екінші мәселе - осы делимитацияға қол қою үшін Ресей жағы нені талап етті, ол да осы қол қойғаннан кейін талқыланған мәселелерден белгілі болады дейді.

Алтынбек Сәрсенбайұлы "егер Ресей мен Қазақстан арасында делимитация мәселесі шешілсе, Қазақстан мен Ресей арасында көп мәселе жоқ" деген пікірде. Сондай-ақ ол екі мемлекет басшылары кездесуінде басқа қандай мәселелер талқылануы мүмкін дегенге мынаны айтады:

- Дүниежүзілік сауда ұйымына енуде кейбір мәселелер бар. Яғни, екі елдің қайсысы бірінші өтеді деген. Ол біздің сол ұйымға мүше елдермен жүргізіп жатқан келіссөздерге байланысты.

Ал, Ұлттық зерттеулер иниститутының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов Қазақстан мен Ресей елдері басшыларының кездесуінде мына мәселелер қаралуы мүмкін дейді:

- Украинада болған мәселеге байланысты қазір Ресей мен Қазақстан өзінің позициясын ашып, ортаға салып, талқылап келісіп алмақшы деп ойлаймын.
XS
SM
MD
LG