Accessibility links

Бүгін Мәскеуде Н.Назарбаев пен В.Путин екі келісімге қол қояды деп күтілуде


Республикадағы бірқатар кәсіпкерлік қоғамдық бірлестіктердің басын біріктіретін Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы өздерінің 2004 жылғы істерінің қорытындысын шығарып, елдегі шағын және орта бизнестің өркен жая алмай жатқандығын алға тартып отыр. Бұл үшін олар кәсіпкерлікке қатысы бар барлық заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін айтуда.

Қазақстан кәсіпкерлері форумының басшылығы елдегі кәсіпкерлікке қатысты қаржылық-экономикалық мәселелер мен құқықтық және әкімшілік істерді мемлекет тарапынан қолдаудың құрылымдық жүйесін жетілдіруді ұсынып отыр. Республикадағы салық пен кедендік тариф саясатын, кедендік бақылауда кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету жайы басты мәселелердің бірі болып қалып отыр дейді олар. Және өздерінің қол жеткізген табыстары ретінде қазіргі уақыттағы Үкіметте әлеуметтік салықты төмендету, сондай-ақ, кедендік құжат рәсімдеуді жетілдіру мен кәсіпкерлердің тендерге қатысуларын мейлінше ашық жүргізу ісі қаралып жатқандығын айтады. Осы ретте Қазақстан кәсіпкерлері форумының төрағасы, кәсіпкер Райымбек Баталовтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда шағын және орта бизнес өкілдерінің құқын қорғайтын өкілетті орынның жоқтығы істің алға басуына кедергі келтіріп отыр. Дегенменде бұған дейін өте маңызды болып келген биліктегілермен тіл табысу мәселесін шештік дейді ол.

Ал Алматы қалалық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Виктор Яамбаев көптеген мемлекеттік мекемелердің кәсіпкерлерге әкімшілік жолымен қысым жасап, жұмыстарына кедергі келтіріп отырғанын айтады. Оның пайымдауынша, кәсіпкерлердің көп уақыты құжат толтыруға кетеді. Жүздеген бақылаушы органдардың коррупциялық-криминалдық әрекетін енді шағын бизнес көтермейді. Одан қоғамға қауіп төнеді дейді ол.

Алайда кәсіпкер Құрманғали Ашанұлы бұл ретте аса қауіптенудің жөні жоқ. Тек жемқорлықты ауыздықтау қажет дейді.

Дегенмен Қазақстан базарлары мен кәсіпкерлері қауымдастығының атқарушы директоры Жібек Әжібаева кәсіпкерлердің құқықтық жағдайы да сын көтермейді. Соған орай алдағы уақытта осы сала жұмысын реттеп отыратын арнайы заң жобасын дайындау қажеттігі туындап отыр. Соның ішінде кеден мәселесі бірінші кезекте қаралуға тиіс дейді ол.

Осыған орай Қазақстан кеденшілері одағының төрағасы Нұрлан Бұршақбаевқа хабарласқанымызда, ол қабылданғанына бір жылдан ғана асқан Қазақстанның “Кеден кодексінің” кәсіпкерлер ісін жеңілдетпесе, қиындатып отырған жоқ дейді.

Сонымен қатар Қазақстан кәсіпкерлері форумының басшылығы ел аумағында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың аймақтық бағдарламасын құру туралы ұсыныстарын Үкіметке жолдағандықтарын жеткізді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG