Accessibility links

Сейсмология институты: "Биыл Қазақстанда күшті жер сілкінісі болмайды"

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстанның Сейсмология институтының мамандары өздері жүргізген зерттулері негізінде Қазақстанда 2005 жылы күшті жер сілкінісі болмайды деген болжам айтып отыр.

Сейсмология институтының директоры Ерғали Нүсіповтың айтуынша, осы институттың мамандары 2003-2004 жылдары Қазақстанда қуаты 5,5 баллдан артық күшті жер сілкінісі болмайды деген болжам жасаған.

- Ол болжам расталды. Қазақстанда сейсмикалық тұрғыдан ең белсенді аймақ - ол Алматы аймағы болмақ. Алматы аймағы дегеніміз өте үлкен аймақ, - дейді Ерғали Нүсіпов.

Оның айтуынша, бұл аймақ шығысында Қытаймен шекараласса, оңтүстігінде Қырғызстанмен, батысында Жамбыл облысымен, ал солтүстік шығысында Балқаш көлімен шекараласып жатқан үлкен аймақ.

- Өткен жылы осы аймақта 4-5 балл арасында 5 рет жер сілікінісі болған. Ал 3-4 балл арасында - 52 рет, 3 балдан төмен - 1122 рет жер сілікіністері тіркелген. Бұл жер сілкіністері Қазақстан бойынша жұмыс істейтін 9 сейсмикалық станцияда және институттағы жаңа аппараттар арқылы үздіксіз тіркеліп отырады. Сондай-ақ ғарыштағы жердің байланыс серіктерінің жер бетін түсірген суреттері арқылы да көптеген маңызды ақпараттар алып отырамыз, - дейді Ерғали Нүсіпов.

Сейсмология институты директорының айтуынша, институт мамандары Алматы қаласының сейсмикалық жағдайын зерттеу арқылы алда-жалда жер сілкінісі бола қалған жағдайда қаладағы қауіп-қатерді барынша азайту мақсатына арналған өз ұсыныстарын жолдаған. Бұл ұсыныстар қазір Алматы қаласының әкімшілігінің қарауында жатыр.

- Жуырда оңтүстік-шығыс Азия елдеріндегі зілзала салдарынан болған топан су оқиғасынан үлкен сабақ алуға тиіспіз, - дейді Ерғали Нүсіпов.

Институт мамандары осы оқиғаға байланысты елдегі сейсмикалық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған өз ұсыныстарын президент әкімшілігіне, үкіметке және парламентке жолдапты.

Ерғали Нүсіповтың айтуынша, "Қазақстанда күшті жер сілкінісі болмайды" деген институттың биылғы болжамы үкіметке және төтенше жағдайлар министрлігіне таныстырылған.
XS
SM
MD
LG