Accessibility links

Қостанайда түрме офицері қызмет бөлмесінде асылып тұрған жерінен табылған


Қостанай қаласындағы УК 161/2 колониясында жедел бөлімнде жұмыс істейтін жас офицердің денесі қызмет бөлмесінде асылып тұрған жерінен табылған.

Қостанайдың УК 161/2 колониясының басшылығы жедел бөлімнің 22 жастағы қызметкері жұмыс орнында асылып өлген деген болжам жасап отыр. Колония басшысы Амангелді Мұқанұлының айтуынша, үлкен апасының қолында тәрбиеленген ол жігіттің осы мекемеде жұмыс істеп жүргеніне бір жарым жыл болған екен.

- Анкетасын қарағанымызда жетім екендігі, апасының қолында тәрбиеленгендігі айтылады. Оны өзі де кездескен кезде айтып жүретін, - дейді колония басшысы Амангелді Мұқанұлы.

Қызметтестері бұл жігіттің өз-өзіне қол жұмсауына тірі кезінде туған-туысқандарымен арада болған келіспеушіліктер себеп болуы ықтимал деген долбар жасап отыр.

Қостанай облыстық қылмыстық-атқару комитеті жүйесі басқармасының бастығы Сергей Мощенконың айтуынша, өз-өзіне қол салған жігіттің анасы 1994 жылы қайтыс болған, ал әкесін мүлдем білмей өскен.

- Ол апасының қолында тәрбиеленді. Біз оны жақсы білдік. Ал қазір жан-жақтан туған-туысқандары табылып отыр. Барлығы хабарласып, арыз жазып жатыр. Олардың нені көздеп отырғаны түсініксіз. Қайтыс болған жігіт 2003 жылы училищені аяқтап жұмысқа орналасты. Біз оны осыдан үш ай бұрын ғана жедел бөлімге қызметке тартқан едік. Өз-өзіне қол жұмсауына еш себеп жоқ еді, бұл жерде мәселе туыстарымен байланысты болу керек, - дейді Сергей Мощенко.

Марқұмның қызмет барысында өз-өзіне қол салуға апаратындай оқиғаның болмағандығын Қостанайдың УК 161/2 колониясының басшысы Амангелді Мұқанұлы да айтып отыр.

- Бір сөзбен айтқанда бұл – суицид. Жұмысы да, ақшасы да бар болатын. Медициналық сараптама жұмыстары жүргізілді, қорытындысы шағарылды, - деді колония басшысы.

Жастар мен жасөспірімдердің арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғасының көптеп кездесетіндігін психолог Ділдә Сақтағанова әлеуметтік жағдайдың төмендігімен байланыстырады. Оның айтуынша, бұған адамның ішкі күйзелісі де әсер етуі ықтимал.

Орталық Азиядағы "Халықаралық түрме реформасы" қоғамдық ұйымы өкілдігінің ақпараттық сарапшысы Сахиба Шәйкенова алдағы уақытта түрмелерде болып жатқан түрлі оқиғаларды тіркеп, сол жұмыстармен айналысатын мониторинг жұмыс істейтіндігін айтады.

- Қазіргі кезде осы мақсаттағы басқа да істерді қолға алып отырмыз, - дейді ол.

Қостанай облыстық қылмыстық-атқару комитеті жүйесі басқармасының бастығы Сергей Мощенко қазіргі кезде 22 жасар азаматтың өз-өзіне қол жұмсау оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын айтты.
XS
SM
MD
LG