Accessibility links

Ауған соғысына қатысушылар Қазақстан президентіне ашық хат жолдады

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Совет әскері қатарында Ауғанстанда соғыс қимылдарына қатысқан бір топ адам қаңтардың әлеуметтік жағдайларының төмендігіне наразылық білдіріп Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдады.

Бұл адамдар өздеріне екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлермен тең әлеуметтік жеңілдіктер белгілеуді, елде “Ардагерлер туралы” арнайы заң қабылдауды талап етіп отыр. Ресми мәлімет бойынша, осыдан 16 жыл бұрын аяқталған Ауғанстандағы соғыс қимылдарына совет әскерінің құрамында қатысқан қазақстандық 763 жауынгер қаза тауып, 21 адам із-түссіз кеткендер санатында, ал ол жақтан тірі қайтқандардың ауқымды бөлігі үйлеріне мүгедек болып оралған.

Ауғанстандағы соғыс қимылдарына қатысқан қазақстандық генерал Мұрат Қалматаев өз талап-тілектері туралы былай дейді:

- Бірінші ұсынысымыз – Ауғанстандағы соғысқа қатысқан азаматтарды “ардагерлер” деп атау. Үкіметке, парламентке “теңестірілген” деген сөзді алып тастаңыздар деген талап қойып отырмыз. Себебі, “теңестірілген” деген сөз өз мағынасына сай болмай отыр. Мысалы, Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтарға жеңістің 60 жылдығына орай, қаңтардың 1-інен бастап 15 мың теңге көлемінде жәрдем беріледі. Ал ауған соғысының ардагерлерінің алатыны небары 2016 теңге.

Алматы қалалық ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Абуджан Амраев 1995 жылғы көкектің 28-і күнгі Қазақстан президентінің арнайы бұйрығымен соғысқа қатысушыларға белгіленген жеңілдіктер 1999 жылы алынып тастап, оның орнына 2016 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалғанын айтады.

- Жауынгерлік борышымызды өз отанымыздан тыс жерде от пен оқтың арасында өтеп, соғыстың қасіретін көріп қайтқан біз енді елімізге керек болмай қалдық. Ауған соғысына қатысушыларға “соғыс ардагері” деген мәртебе берілуін талап етеміз. Осы мақсатта Қазақстан республикасы президентіне арнайы ашық хат жолдап отырмыз, - дейді Абуджан Амраев.

Ол өз талап-тілектерінің ескеріліп, жақын уақыттарда “Ардагерлер туралы” заң қабылданып, соғысқа қатысушыларға көрсетілетін жеңілдіктер қайта қарастырылады деп сенетіндерін білдірді.

Генерал-майор Мұрат Қалматаев “Ардагерлер туралы” заңның парламетте жатқанына 4 жыл болғанын атап айтып, оның себебін сұрағандар "ақшаның жоқтығы қолбайлау” деген жауап еститіндігін айтады.

- Мен жоғарыда отырған депутат, шенеуніктердің балалары не бауырлары соғысқа қатыспаған-ау деп ойлаймын. Бір депутаттың баласы Ауғанстандағы соғысқа барып келсе ол ұшып тұрып айтқан болар еді, дейді генерал Мұрат Қалматаев.

Ауғанстандағы соғысқа қатысқан ІІ топтағы мүгедек Чапай Кебекбаев соғыстан оралғанына 16 жыл болса да әлі күнге баспанасыз жүргеніне қынжылыс білдіреді.

- Мен ол соғысқа өзім сұранып барған жоқпын. Тірі оралғаныммен зақым алып қайттым. Бүгінде 6500 теңге жәрдемақы аламын. Ол неге жетеді? Соғыс зардабы мен бүгінгі күннің қиыншылығы менің жанұямның жылылығын ұрлады. Жетіспеушіліктің салдарынан үйімізден ұрыс кетпейді. 16 жылдан бері Алматы қаласының әкіміне хат жазып тілек айтуымен келемін. Алайда менің сөзімді елеп жатқан ешкім жоқ. Талғардың Тұздыбастау деген ауылында пәтерде тұрамын. Тұрғылықты тұрағым, не жерім жоқ. Қала әкімі кезінде Храпуновқа 10 рет хат жаздым. Ешқандай кіргізбейді. Сонда бүгінде біз кімбіз? Осы сауалға жауап беретін адам бар ма? - дейді мүгедек жауынгер.

Ауған соғысында баласын жоғалтқан ана Күміс Медетова өз басындағы қиыншылығы туралы былай дейді:

- Мен баламды дүниеге әкелгенде соғыста жойылсын деп әкелген жоқ едім. Азаматтық борышы болып әскер қатарына алынды. 1984 жылы Ауғанстандағы соғыста опат болды. Сол бала үшін мемлекет 4 мың теңге жәрдемақы береді. Ол неге жетеді? Біздің үкімет тарапынан сұрайтынымыз - жәрдем. Осы қалада 78 ата-ана бар болатын, 20 жылда солардың жартысы ғана қалды.
XS
SM
MD
LG