Accessibility links

Қажыға баратын жастардың көбейе түскені байқалады

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Меккеден алынған соңғы хабарларға қарағанда, мұсылманның бес парызынан бірі қажылық сапарға баратындар саны биыл 2 миллионнан асқалы отыр. Сондай-ақ, қажыға баратын жастар қатары барған сайын көбейіп келе жатқаны аңғарылады.

Душанбелік 19 жастағы студент Ислом Шоев сейсенбі күні басталған қажылыққа келген он мыңдаған жастың бірі.

- Мен жаратқан аллаға өз діни парызымды өтеу үшін келдім. Мен өз азаматтық міндетімді дұрыс орындап, қоғамға лайықты адам болғым келеді. Айтпақшы, мен намаз оқи бастадым, - деді Ислом Шоев Мекке қаласынан Азаттық радиосының тілшісіне.

Ислам дінінде жағдайы, денсаулығы ойдағыдай адам өз өмірінде кемінде бір рет қажылық сапарына барып қайтуы парыз саналады. Әзірше дәл анық саны беймалім, бірақ Сауд Арабиясы елінде шығатын ағылшын тілді "Араб ньюс" газетінің редакторы Файзал Әлидің Азаттық тілшісіне айтуынша, Мекке-Мединеге қажылыққа келетін жастар жыл сайын көбейіп жатқаны байқалады.

- Мен әуежайға, қажылық орындалатын жерлерге барғанда күн сайын жастарды көп кездестіре бастадым. Оларды мен теміржол вокзалынан да көптеп көрдім. Әрине, ол жастардың басым көпшілігі араб мемлекеттерінен, бірақ Түркия сияқты зайырлы мұсылман елдерінен де қажылыққа келіп жатқан жастар аз емес, - дейді журналист Файзи Әли.

Сондай-ақ, қажылыққа ынтызар 20-30 жас аралығындағы жігіт-қыздардың көбейе түскендігі жөнінде Шотландиядағы Глазго университетінің ислам зерттеу орталығының директоры Мона Сыддықи де айтады.

- Әдетте қажылық өмірде кемінде бір рет, жас ұлғайғанда, бала-шаға өскенде, тұрмыстық жағдай реттелгенде баратын сапар деп есептелетін. Бірақ қазіргі жастар қажылықты кейінге қалдыруға себеп жоқ деп, оны имандылықтың, құдайға құлшылықтың, үлкенге сый-құрметтің бір бөлігі деп есептейді, - дейді орталық директоры.

Көптеген жастар ислам дүниеге келген жерге сапар шегіп қажылық парызын орындау өз сенімдерінің іске асуы, рухани тазалану деп есептейді.

- Қажылыққа шын ықыласпен барсаңыз, ол сіздің тіршілік-өміріңізді бүтіндей өзгертіп жібереді. Алланың үйіне жұрт сондықтан барады, - дейді Мона Сыддықи.

"Араб ньюс" газетінің редакторы Файзал Әлидің пікірінше, Ирақтағы соғыс және Таяу шығыстағы жанжалдар да "жастардың мұндай қасиетті сапарға барып Аллаға сиынуына себепші болып отыр".

- Ирақ пен Ауғанстанға соғыс шабуылы басталғалы, Таяу шығыстағы қақтығыстар жұртты қорқыныш-үрейге бөледі. Өзгелерден қайран болмаған соң олар Аллаға ғана үміт арта бастады, - дейді газет редакторы.

Қажылыққа бару шығыны әрбір елге орай 1-2 мың еуро шамасында. Бірақ жұмыссыздық жайлаған, кедейшілік қаптаған Орта Азия елдерінде зорға күн көріп жүрген жастардың ондай сапарға шығуды қаншалықты қалағанымен әзірше қолдары жете бермейтіндігі де шындық. Дегенмен Алматыдағы әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетінің шәкірті Айбар Анарбековтың айтуынша, жастар қажылықты "қасиетті парыз" деп санайды.

Ресми деректерге қарағанда, Ираннан қажылыққа биыл 90 мыңдай мұсылман барады екен. Бірақ Ирандағы исламдық қатаң қолды саясат болмаса Меккеге баратын адам саны одан әлде қайда көбірек дейді сарапшылар.

Сауд араб елінің қажлық мәселесі жөніндегі министрі Айад Маданидің айтуынша, биыл шет елдерден келетін мінәжатшылар саны 1 миллион 600 мыңнан асса, Сауд Арабиясының өзінен кемінде жарты миллион адам қажылық парызын орындамақшы екен.
XS
SM
MD
LG