Accessibility links

Баспасөзге шолу. 19 қаңтар 2005 жыл.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сәрсенбілік басылымдар Қазақстан мен Ресей арасында шекараны делимитациялау мәселесінің аяқталғандығын атап өтіпті. Сондай-ақ келесі жылы Қазақстанда оппозициялық партиялар мен тәуелсіз басылымдарға қысым күшейе түсетіндігі туралы болжам жасапты.

Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің шекарасын "делимитациялау мәселесіне нүкте қойылғанын" хабарлаған “Литер” басылымы Имашев газконденсат кен орны секілді даулы территорияны екі ел басшыларының келісіп пайдалану жөнінде шешім қабылдағандығын атап өтіпті.

Екі жақ та бұл жерді теңдей қылып бөлісіп алуға және ол жерден шығатын газ кенін ресейлік-қазақстандық кәсіпорынның бірігіп игеруіне келісімін берген. Сондай-ақ мақала авторы Ресей мен Қазақстан мемлекетінің Каспий теңізінің мұнайын тасымалдау үшін құбыр салуды ұлғайтуды жоспарлап отырғандығын да тілге тиек етіпті.

Газет тілшісінің хабарлауынша, Кремльде өткен кездесу барысында әскери-техникалық қызметті нығайту мақсатында “Kazsat” атты қазақстандық спутник құру туралы келісімге де қол қойылған. Осы тақырыпқа айрықша тоқталған “Айқын” басылымының тілшісі Берік Бейсенұлы "ендігі уақытта Ресей Қазақстаннан ілік таба алмайды" деген қорытынды жасапты. Оның себебін мақала авторы "Ресей мен Қазақстан арасындағы шекараны делимитациялауға байланысты процестің аяқталғандығымен" байланыстырып өтіпті.

"Әлемдегі көптеген даулардың осы шекара мәселесінен туындайтындығына" көптеген мысалдар келтірген мақала авторы "енді бұл нәзік мәселенің көтерілмейтіндігіне" сенім білдіріпті. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, екі ел президенттері қол қойған құжатқа байланысты Ресей мен Қазақстан жағынан демаркация комиссиясы құрылады.

“Казахстанская правда” газетінде жарық көрген Сергей Нестеренконың мақаласында қазақ-ресей мемлекетінің шекарасын "делимитациялау процесінің аяқталуы екі ел азаматтарына шекарадан өтуге еш қиыншылық туғызбайтындығын" атап өтіліпті. Мақала авторының айтуынша, "шекарадан өтуге байланысты бұрынғы тәртіптердің бәрі де өз қалпында қалады".

Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, "шекараны заңды жолмен өтетіндер үшін еш қиыншылық тумайды, ал мемлекеттік шекараны бұзуға талпыныс жасайтындарға қарсы күрес, керісінше, күшейе түседі". Газет тілшісінің пайымдауынша, шекарадан өту тәртібін күшейту - "екі елдің арасындағы экономикалық қарым-қатынасқа да өз әсерін тигізеді". Яғни бұл "соңғы жылдың ішінде жеті миллиард доллар тауар айналымына қол жеткізген" екі елдің арасындағы сауда қарым-қатынасына да көлеңкесін түсіреді.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасы болса Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейдің бірнеше азаматына мемлекеттік награда тапсырғандығын айтып өтіпті. Ресейдегі Қазақстан жылының аяқталуына байланысты Ресей Федерациясы президенті әкімшілігінің жетекшісі Дмитрий Медведьев, Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Иванов және Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавровты Қазақстан президенті мемлекеттік наградалармен марапаттапты.

Сондай-ақ сәрсенбіде жарық көрген кейбір газеттер Қазақстанда тәуелсіз басылымдар мен оппозициялық партияларға қарсы қысымның күшейіп бара жатқандығына да айрықша назар аударыпты.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген Азамат Ермұхамбетовтың мақаласында “Әділ сөз” халықаралық қорының президенті Тамара Калееваның баспасөз мәжілісін өткізіп, келесі жылы Қазақстан мемлекетінің "тәуелсіз басылымдарды жабу және журналистерге қарсы қылмыстық іс қозғау" жөнінен "Гиннестер кітабының" рекордына кіруі мүмкін екендігін хабарлағандығын атап өтіпті.

Тамара Калееваның айтуынша, "президент сайлауының қарсаңында теке-тірестер аз болмайды". Сарапшылардың болжамына сүйенсек, "осы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарына жасалатын қысым да күшейе түседі". Газетте келтірілген деректерде 2003 жылғымен салыстырғанда "басылымдардан талап етіліп жатқан материалдық шығын көлемі астрономиалық шегіне жетіп, 100 триллион теңгеге жеткен". Бұл республика бюджетінен 70 есе көп қаражат.

Тіпті кейбір басылымдарды жарық көрген бір мақалаға байланысты ғана жауып тастау оқиғалары жиілеп кеткен. Тәуелсіз “Азат” басылымында жарық көрген бас мақалада мемлекеттегі оппозициялық бағытта ұстанатын “Қазақстанның демократиялық таңдауы халықтық партиясын” жауып тастау биліктің қазіргі таңдағы басты мақсаты ретінде бағаланыпты.

Мақала авторының айтуынша, өкпесіне суық тиіп, төсек тартып жатып қалуына байланысты сот залына келуге мүмкіндігі болмаған партия саяси кеңесі бюросының төрағасы Асылбек Қожахметов науқасынан айыққан соң, сот шешімінің наразылық білдіріп шағым түсірген. Алайда 17 қаңтар күні Алматының ауданаралық мамандандарылған экономикалық сотының 6 қаңтар күні партияны жауып тастау жөнінде шешім шығарған Гүлнар Мейіржанова өзінің үстінен түскен шағымды өзі қарап, 6 қаңтардағы шешімді дұрыс деп тапқан.
XS
SM
MD
LG