Accessibility links

Қазақстан билігі Таиландта есірткімен ұсталған азаматтарының тағдырынан хабарсыз

  • Ескендір ЕРТАЙ

«Ассошейтед пресс» агенттігі Таиландта Қазақстанның үш азаматы ірі көлемдегі есірткімен ұсталып, олардың өлім жазасына кесілуі мүмкін деген хабар таратты. Алайда Қазақстанның ресми орындары ол азаматтарының тағдырынан бейхабар екендігін айтады.


Дүйсенбі күні «Ассошейтед пресс» агенттігі Таиландта асқазандарына жалпы салмағы үш килограмдай 413 героин капсулаларын жасырып алып өтпек болған Сергей Баут, Дмитрий Тарабрин және Александр Цой деген Қазақстан азаматтарының ұсталғаны туралы хабар таратты.

Осы ақпаратқа байланысты Азаттық радиосы Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдық департаментінің бастығы Уәлихан Қоңырбаевқа хабарласқан еді. Бірақ ол «Ассошейтед пресс» агенттігі таратқан ақпардың әлі күнге анық-қанығын біле алмай отырғандарын айтты. Уәлихан Қоңырбаев Таиландтағы Қазақстанның сенімді өкілінен нақты ресми ақпарат алмай бұл іске араласуға құқығы жоқтығын алға тартып отыр.

Ал Азаттық тілшісі телефон арқылы тілдескен Таиланд корольдігіндегі Қазақстанның сенімді өкілі Сәкен Сейдуәлиев те аталмыш оқиғадан мүлдем хабарсыз болып шықты. Ұсталған азаматтар туралы Азаттық тілшісінен естігеннен кейін ғана ол бұл іспен шұғыл айналысатындығын мәлімдеді.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Мұстафин соңғы жылдары ел аумағына Ауғанстаннан Тәжікстан арқылы есірткінің ауыр түрлері көптеп әкеліне бастағандығын, алайда Таиландтағы оқиғадан хабарсыз екендігін айтып отыр.

Ғалым Мұстафин бұған дейін Қазақстан арқылы Еуропаға есірткі тасымалдаудың алты дәлізі болса, дәл қазір қаншаға жеткенін анықтау қиын екенін айтады. Қазақстанның Таиландтағы сенімді өкілі Сәкен Сейдуәлиев жалпы Оңтүстік Шығыс Азиядағы есірткі тасымалына қазақстандықтардың да қатысы болып тұратындығын жасырмайды.

Ішкі істер министрлігінің өкілі Ғалым Мұстафиннің айтуынша, Қазақстанның шетелдерге шығатын туристері мен қонақтарының арасында қылмысқа қатысты жандардың болмауы үшін әуежайлар мен теміржол бекеттерінде тексеру күшейтілген.

Сонымен, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күрес комитеті, Қазақстанның Таиландтағы сенімді өкілі Сәкен Сейдуәлиев те Таиландта үш килә героинмен ұсталған қазақстандықтар туралы әзірге толық ақпарат жоғын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG