Accessibility links

Қаза тапқан журналистің отбасы мен сотталушының арыз-шағымы бойынша сот отырысы өтті


Асхат Шәріпжанов, қазақ журналисі.
Асхат Шәріпжанов, қазақ журналисі.

Журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына қатысты Алматы қалалық сотына шағымданған екі тарап та бұған дейін Алмалы аудандық соты шығарған үкімге наразылық білдіріп отыр.


Сотталушы Қанат Қалжанов өзіне ауыр жаза кесілді деп қалалық соттан соны жеңілдетуді өтінсе, Шәріпжановтар отбасы «алдын-ала тергеу кезінде де, Алмалы аудандық сотында жүргізілген сот процесі барысында да негізгі мәселелер қарастырылмады» деген шағым айтып, істі қайта тергеуге жөнелтуді сұрап отыр.

Сәрсенбі, қаңтардың 19-ы күнгі сот отырысында қалалық сот судьясы Тұрысбек Миятбеков Алмалы аудандық сотының судьясы Зәуре Кейкібасова шығарған үкімді заңды деп тауып, оны өзгеріссіз қалдырды.

Журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына қатысты 2004 жылдың 22-желтоқсанында өткен сот отырысында Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотының судьясы Зәуре Кейкібасова 1975 жылы туған айыпталушы Қанат Қалжановты Қазақстан қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-тармағы бойынша үш жарым жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы қоныстандыру колониясында өтеу туралы үкім шығарған болатын.

Тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжанов өткен жылы шілденің 20-сы күні Алматы қаласындағы №7 клиникалық ауруханада есін жимаған қалпы көз жұмған болатын. Полиция қызметкерлері «журналистің қазасына шілденің 16-сы күні Алматыдағы Абай мен Әуезов көшелерінің қиылысы маңында болған жол-көлік апаты себепкер болды» деген мәлімет таратқан еді.

Осыған орай шығарылған үкімге қанағаттанбаған екі тарап та Алматы қалалық сотына шағым түсірді. Сәрсенбі, қаңтардың 19-ы күні таңертеңгі сағат 10-ға белгіленген сот отырысы белгісіз себептермен кешігіп басталды. Сәт мәжілісі басталмай тұрып, Шәріпжановтар отбасының қорғаушысы Мұстахым Төлеев пен сотталушы Қанат Қалжановтың арасында мынандай диалог өрбіді:

- Әлі көп мәселелер өзінің шешімін таба алмай жатыр. Тергеуші Сорокин сені алдап-сулап, сен мемлекеттік тілде, яғни өз ана тіліңде жауап берсең де, ол саған сауалдарды орыс тілінде қойып отырды. Тілмаштарды қатыстырған жоқ. Нәтижесінде сен оның қойған сұрақтарын толық түсінбедің. Сол себептен ол жауаптарды өз қолайына қарай бұрмалап, өзіне керекті деректерді жазып отырды. Сен болсаң, кішкентай бұзау секілді, оның жетегіне еріп отырдың. Ол дұрыс емес, - деді адвокат Мұстахым Төлеев.

- Мен ештеңе ұқпай қалдым. Анығында, ол жерде менің адвокатым жүріп, барлық шаруаны реттеп отыруы керек еді ғой. Шынымды айтсам, мен ештеңе білмеймін, - деді Қанат Қалжанов.

Сотталушы Қалжанов өзіне кесілген жазаны жеңілдетуді сұрап қалалық сотқа шағымданды. Ал Шәріпжановтар отбасының қалалық сотқа шағым түсіруінің себебін адвокат Мұстахым Төлеев былайша түсіндірді:

- Жүргінші Асхат Шәріпжанов асфальтқа етпетімен құлаған. Сонда тек маңдайынан аздап жарақат алған. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына көз жүгіртсек, оның қарақұсында ауыр заттың соққысынан қалған жарақаттың белгілері бар. Басының сүйегі сынып, миы шашырап кеткен. Жол-көлік апатының салдары соншалықты болуы мүмкін емес. Ал біздің осы тұрғыда жасаған талаптарымыз мүлдем тексерілмеді.

Екі тарапқа кезек сөз беріп, одан соң 15 минут кеңескен Алматы қалалық сотының судьялары Тұрысбек Миятбеков, Қайынжамал Бұқпанова және Елена Ақмолдаевалардан құралған сот алқасы ақыр соңында Алмалы аудандық сотының үкімін өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шығарды:

- Сотталушы Қанат Қалжанов пен жәбірленуші жақтың адвокаты жасаған апелляциялық шағым қанағаттандырылмай, аудандық сот үкімі күшінде қалдырылсын.

Қалалық сот шешімінен кейін адвокат Мұстахым Төлеев мынандай пікір білдірді:

- Ақылдасып көреміз. Қалалық соттың төралқасы, жоғарғы сот секілді тағы да жоғарғы сатыдағы соттар бар. Мен жәбірленуші Асхат Шәріпжановтың анасының көзқарасына байланысты әрекет жасайтын боламын.

Ал сотталушы Қанат Қалжанов өзінің енді ешқайда шағымданбайтынын айтып отыр:

- Еш жерге шағымданбаймын. Қазір қай жерге барсаң да, ешқандай пайда жоқ қой. Тек Аллаға сыйынып, құдайға жалбарынатын боламын. Болды.

Асхат Шәріпжановтың қазасына қатысты сот отырыстарының барлығына дерлік қатысып келе жатқан тәуелсіз журналист Ермұрат Бәпи «Асхат қасақана жасалған қастандық құрбаны» деп санайды.

- Менің ойымша, Асхатқа қастандық жасаған адамдар, бұл - өте жоғары дәрежелі мемлекеттік шенеуніктердің біреуі болуы мүмкін. Себебі, Асхат соңғы бір ай көлемінде Заманбек Нұрқаділовпен күнде жолығып жүрді. Ал, дәл осы кезде жоғары билік жағынан Заманбекті сөйлетпеуге, Заманбекті райынан қайтаруға мүдделі адамдар болды. Бәлкім, осы мүдделі адамдар Нұрқаділовтың сол кезде айтқан кейбір деректерін жарыққа шығармауға ынталы болды ма?.. Жоқ әлде, Асхатты соққыға жығу арқылы Нұрқаділовты қорқытуға мүдделі болды ма?.. Міне, ешбір сот барысында осы мәселелер тексерілмеді, - дейді Ермұрат Бәпи.
XS
SM
MD
LG