Accessibility links

Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов бірқатар саяси партияларды жабуды талап етті


Парламент мүшесі Ерасыл Әбілқасымов Қазақстандағы 12 саяси партияның кейбірін жабу керек деп есептейді. Ол бас прокуратураға тиісті сауал жолдады.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымов бас прокуратураға жолдаған депутаттық сауалында елдегі ресми тіркелген 12 саяси партияның бірқатарын жабу туралы мәселе қозғап отыр.

«Он екі саяси партияға 2 миллион адам мүше болған деген мәлімет бар. Бірақ мұның барлығы - өтірік, оны тексеру керек. Қазақстанда партияға кіру мүмкіндігі бар 9 милион халық бар. Соның 2 миллионы партияға кірді дегені шындыққа жанаспайды. Сайлау кезінде кейбір партиялар 20-30 мың шамасында ғана дауыс жинады. Олар: «Руханият», «Демократиялық партия», «Патриоттар партиясы». Ал бұл партиялардың әрқайсысының 50 мың мүшесі бар саналады. Сонда мүшелерінің өзі бұл партияларға қарсы дауыс бергені ме?» дейді депутат Ерасыл Әбілқасымов бас прокуратураға жолдаған сауалында.

Ол осы аталған партияларды, сондай-ақ «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясын, Серікболсын Әбділдин жетекшілік ететін Коммунистік партияны және «Ауыл» партияларын жабуды талап етіп отыр.

Депутат Ерасыл Әбілқасымов өткен жылдың күзінде болған парламент мәжілісі сайлауынан соң Қазақстандағы алты партияны жабу туралы, сондай-ақ кейбір партиялар мен блоктардың қаржылық шығыстарын тексеру жөнінде бас прокурорға сауал жолдағанын, алайда әлі күнге негізді жауап алмағанын айтады.

Мәжіліс мүшесі жоғарыда аталған партиялардың бірқатары сайлауда 80 мыңнан дауыс жинағанымен олардың кейбірінің облыстарда филиалдары жоқ немесе сандары жетіспейді дегенді алға тартып отыр.

«Олар толық партия болмағаннан кейін жабу керек деген мәселе қойып отырмын. Бүгінде ол партияның төрағалары ұлттық комиссияға кіріп, бүкіл халықтың тағдырын, саяси мәселенің бәрін қарап бізге ұсыныстар беріп отыр. Олардың соңында халық жоқ болғаннан кейін, халықтың атынан сөйлеуге құқы жоқ» дейді депутат Әбілқасымов.

Алайда «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев депутат көтеріп отырған мәселе негізсіз деп есептейді. Оның айтуынша, «Ауыл» партиясының барлық облыста филиалдары бар.

Депутат Ерасыл Әбілқасымов Серікболсын Әбділдин жетекшілік ететін Коммунистік партияның да мүшесі заңда көзделгендей емес деген пікір айтады. Сондай-ақ ол бірқатар партиялардың сайлау кезінде жұмсаған шығындарының заңдылығын тексеурді сұрайды.

Ал, «Ақ жол» партиясының мүшесі, депутат Амалбек Тшан мен тағы бір депутат Амангелді Айталы Ерасыл Әбілқасымовты «саяси тапсырыспен сөйлеп отыр» деп санайды. Депутат Асқар Бейсенбаев «әр депутаттың өз ойын айтуға құқы бар» десе, депутат Тито Сыздықов даулы мәселеге «құзырлы орындар жауап берсін» деген пікірде.
XS
SM
MD
LG