Accessibility links

Жыл сайын 3000 қазақстандық шетелдің жоғары оқу орындарына жіберілмек

  • Айнагүл САҒДИ

Биылғы жылдан бастап Қазақстан жыл сайын 3000 азаматы Шығыс Еуропа және Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарына жіберіп тұрады. Бұл туралы қаңтардың 19-ы күні білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова мәлімдеді.

Қазақстанның білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова елде оқытылмайтын қажетті мамандарды бұдан былай шетелдерде даярлау көзделіп отырғанын мәлімдеді.

Қазақстан үкіметінің шешімімен 2005 жылдан бастап қазақстандық жастар ел үшін маңызды мамандықтар бойынша оқуға жіберілетін болды. Білім және ғылым министрінің айтуынша, алда экологиялық қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі «Бәйтерек» ғарыштық ракеталық кешен құру қарастырылып отыр. Сондай-ақ байланыс және хабар таратудың ұлттық жүйесін құру үшін «Казсат» геостационарлық зымыран ұшыру жоспарланған.

- Бұл мамандықтар әзірге бізде даярланбайды, сондықтан да біз Ресей мен Шығыс Еуропаның басқа да елдеріне үміт артып отырмыз, - деді министр Әйтімова.

Оның айтуына қарағанда, Қазақстан президентіне бекітуге енгізілген «Қазақстан Республикасында 2005-2007 жылдарға арналған ғарыштық қызметті дамыту» мемлекеттік бағдарлама жобасының шеңберінде Қазақстанның ғарыштық саласына арналған кадрларды даярлау және ғарыштық мониторингтің ұлттық жүйесін құру да қарастырылып отыр екен.

Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің оқытушысы Нұржан Құралұлы Қазақстанда көптеген қажетті мамандықтардың дайындалмайтындығын айта келіп, жастарды шетелдерге жіберіп оқытудың тиімді екендігін айтады. Тек сапалы білім беретін оқу орындарын дұрыс таңдай білу керектігін де ескертеді.

- Өзімізде дайындалмайтын немесе аса қажет мамандықтар бойынша міндетті түрде дайындалуымыз қажет. Сапа жағынан біз әлі де дами түсуіміз керек. Бізде оқытушылар құрамының өзі жеткіліксіз ғой. Сондықтан қайтсек те тәжірибе алмасып, білім алғанымыз жөн, - дейді Нұржан Құралұлы.

Алайда «Ұрпақ тағдыры - білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерсайын Ерғожа бұл мәселеге сыни көзқарас білдіреді.

- Үш мың жасты Шығыс Еуропа елдеріне білім алуға жібереміз деуінен білім министрінің тағы да тек инициативамен ғана білім саласына мән беретіндігі байқалып отыр. Шет елге білім алуға барған жастардың көпшілігі сол елдерде қалып қояды, алған білімдерін өз елі үшін жұмсамайды, сондықтан да бұны нәтижесі шамалы мәселенің бірі деп есептеймін, - дейді ол.

Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің 4 курс студенті Айсұлу Керімтаева болса қазақ жастары әлемдік білім беру жүйесінен қалып қоймауы тиіс деген пікірде.

- Шетелдерде оқыту біз үшін де, біздің ғылым үшін де пайдалы. Осы жерде бір мәселені айта кету керек. Шетелге білім алуға кеткен жастар сол елдерде қалып қояды деген сөз жиі айтылады. Олар сол елдерде жақсы жалақы төленіп жатса, әрине, қалады. Менің өзімнің көп достарым Америкаға, Жапонияға барып қайтып келіп жатыр. Шетелдерден білімін толықтырып келген олар жалақысы жоғары мекемелерге жұмысқа орналасып жатыр. Ондай білімді адамдар барлық жерге керек қой, - дейді Айсұлу.

Айдос есімді студент шетелге барып оқып келген жастардың сол елдерде қалып қоймасы үшін оларға Қазақстанда оң жағдай жасалу керек деп есептейді.

Шығыс Еуропа мен Ресейдің жетекші оқу орындарында оқуға тілек білдірген үміткерлерге шет тілін жетік меңгеру, компьютерде жұмыс істей білу, орташа үлгерім балы 4,5-нан кем болмауы сияқты талаптар қойылып отыр. Үміткерлерді іріктеу тестілеудің нәтижелері бойынша жүзеге аспақшы.
XS
SM
MD
LG