Accessibility links

Алматыда БҰҰ жанындағы терроризммен күрес комитетінің форумы өтеді


Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінің терроризмге қарсы комитеті келеі аптада Алматы қаласында өзінің 4-ші аймақтық кездесуін өткізуді жоспарлап отыр.

Алматыда қаңтардың 26-28 күндері аралығында өткелі отырған бұл аймақтық жиынға БҰҰ мүше ондаған елдердің ресми тұлғалары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сонымен бірге Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Андрей Денисов және комитеттің атқарушы директоры Хавиер Руперезтер де қатыспақшы.

Ресейдің "ИТАР-ТАСС" ақпарат агентігінің хабарлауынша, БҰҰ-ның терроризмге қарсы комитетінің мүшелері өздерінің аймақтық кездесуін өткізу үшін БҰҰ-на мүше мемлекеттерге алғашқы сапармен барғалы отыр. Бұл туралы сейсенбі күні БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде өткен ашық мәжілісте сөйлеген Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Андрей Денисовтың айтуынша, Алматыда терроризмге қарсы күрес комитетінің форумын өткізу туралы алғаш ТМД елдері ұсыныс жасағанын еске салды.

- Қаңтардың 26-28 күндері аралығында өтетін Алматы форумына Қазақстан үкіметі үлкен қолдау көрсетіп отыр, - деді ол.

Андрей Денисовтың айтуынша, Алматы форумында әлемдік терроризм жүйелеріне қарсы күресті күшейту туралы арнайы қарар қабылданбақ.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ақпарат және талдау орталығының бірінші хатшысы Мұхтар Кәрібай Азаттық радиосына берген сұқбатында, Алматыда өткелі отырған бұл жиынға жетпіске тарта халықаралық ұйымдар мен әлемнің 130-дай елінен өкілдер келіп қатысқалы отырғандығынан хабардар етті. Оның айтуынша, халқаралық маңызды жиынға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевта қатысуы мүмкін.

Британиялық соғыс және бейбітшілік институтының Қазақстандағы өкілдігі директорының орынбасары Розани Исмаилова Алматы форумында экстремизм мен терроризм мәселесіне нақты тоқталып, олардың айырмашылығы жіктеп айрып берсе деген тілек білдірді.

- Сондай-ақ ислам діні мен терроризм екеуінің арасындағы үлкен айырмашылықтың барлығын форум көрсетіп беруі керек, - деген пікір айтады Розани Исмаилова.

Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінің терроризмге қарсы комитеті 2001 жылы қыркүйек айының 11-і күні АҚШ-қа қарсы жасалған террорлық жарылыстардан соң құрылған болатын.
XS
SM
MD
LG