Accessibility links

Айт күні Астана мешітінде президент Нұрсұлтан Назарбаев та құрбандық шалды


Қаңтардың 20-сында Астанадағы орталық мешітте мұсылман жамағат ұлық мерекесі - Құрбан айтты таң намазынан бастады. Бұл күні осында келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та сәждеге жығылып, құрбандық шалды.

Қазақстан президентінің артын ала орталық мешітке сенат депутаттары да түгелімен келді. Астана жұртшылығы ендігі жерде қалаға жаңа мешіттің қажеттігін, Құрбан айт мерекесін Қазақстанда демалыс күндері деп жариялау қажеттігін айтып жатты. Астана орталық мешітінің бас имамы Қалижан Байырбекұлы жиналғандарды Құрбан айт мейрамымен құттықтап, оның маңызымен таныстырды.

Орталық мешітке таңғы намаз аяқталған бойда келген Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құрбандыққа қой шалып, сәждеге жығылғаннан кейін мұсылман қауымына құттықтау тілегін жеткізді. Қазақстанда жұмыс күні болғандығына қарамастан, президенттен кейін парламент сенатының 33 депутаты да түгелдей мешітке кіріп, құрбандықтарын шалдырып, сәждеге жығылып жатты.

- Құрбан айт мерекесінде құрбандық шалу - әр адамның парызы. Қазақстан халқының 60 пайызына жуығы мұсылман дінін ұстанатындарға жатады. Сондықтан, құрбан айт мейрамын демалыс деп жариялау туралы заң жобасын қабылдаған жөн, - деді Қазақстан сенатының депутаты Уәлихан Қайсаров.

Орталық мешітке келушілердің кезегі ұзын-шұбақ. Кірер есікке кептеліп қалып жатыр. Мешіт қызметкері Жанар Күзембаеваның айтуынша, кейінгі кездерде ислам дініне кіріп жатқан қыз-келіншектер қатары да көбейіп келеді.

- Олар жаңа мешіт қашан пайдалануға беріледі деп бізден сұрайды, - дейді Жанар Күзембаева.

Құрбан айт мерекесіне осында Қарағанды облысынан арнайы келген Құсайын Айдарханұлы да Астанаға үлкен мешіт қажет деген ой білдіреді. Осы мәселе бойынша «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы директорының орынбасары Руслан Жүйріковке сауал қойған едік. Ол кісі Есіл өзенінің сол жағалауындағы мың орындық ислам орталығының құрылысы аяқталып қалғандығын айтады.

- Әзірге жетпістен астам басқа ғимараттардың құрылысы пайдалануға берілмей тұрып, оны іске қоссақ, халық шұбырып құрылыстың ырғақты жүруіне кедергі келтіреді, - деді Руслан Жүйріков.

Биылғы Құрбан айттың алғашқы күні Астана мешітінде құрбандық шалу рәсімін Қазақстан президентінен соң парламент сенатының депутаттары, онан кейін қала әкімі Өмірзақ Шүкеев, президент аппараты басшысының орынбасары Темірхан Досмұхамбетов кезекке тұрып жалғастырып жатты.
XS
SM
MD
LG