Accessibility links

Баспасөзге шолу. 20 қаңтар 2005 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдар мұсылмандардың ұлық мейрамы Құрбан айттың басталғандығын атап өтіпті. Ал кейбір тәуелсіз басылымдар қазақ-ресей шекарасын делимитациялаудың аяқталғандығына айрықша назар аударыпты.

“Казахстанская правда”, “Түркістан”, “Айқын” және “Литер” басылымдары арқылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісалының барша қазақстандықтарды “Құрбан айт мейрамымен” құттықтапты. Әбсаттар қажы Дербісалының құттықтауында бұл күндері әлемнің шартарапынан қасиетті Меккеге жиналған бірнеше миллион мұсылмандардың киелі қағбаны тәуап етіп, қажылық ғибадатын атқарып жатқандығы айтылыпты.

Қажылық кезінде қасиетті Мекке мен Мәдинеде бас қосқан мүміндер бір ата-ананың балаларындай қауышып, Алла тағаладан мағфират, күллі әлемге амандық пен ізгілік тілейді. Осы күні Айт намазын оқуға мешітке барған мұсылмандар бір-бірімен қауышып, араларындағы достық пен ағайындықты нығайта түседі. Құрбан айт күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, жолыққан адамға жылы жүзбен бірінші боп сәлем беріп, мешітке бара жатқанда тәкбір айту хазіреті Мұхамед ғалай-салам пайғамбардың сүннеті саналады.

Құрбандық - Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын мал. Құрбандық шалу Ибрагим пайғамбардың ұстанған жол. Құранда: “Атаған малын бауыздағанда Алланың есімін айтсын деп, біз үмбетіміздің бәріне құрбан шалуды белгіледік. Сендердің Тәңірлерің – бір, оған бой ұсыныңдар, ғибадат етушілерді қуантыңдар” делінген.

“Время” газетінде жарық көрген Зейнеш Саламатованың мақаласында Құрбан айт мейрамы кезінде бір адамның атынан бір қой немесе бірнеше адамның жиналып сиыр немесе түйе сойып құрбандық атауына болатындығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, Құрбан айт мейрамы кезінде қойдың бағасы қымбаттап кеткен. Осыдан екі-үш күн бұрын Алматы базарларында бір қойдың бағасы 8 мың теңге тұрса, құрбан айт кезінде оның құны 20 мың теңгеге көтеріліп кеткен. Газет тілшісінің хабарлауынша, қойдың бағасының қымбаттауына байланысты құрбандық шалушылардың саны азайып отырған жоқ.

“МК в Казахстане” басылымында жарық көрген Әсия Байғожинаның мақаласында Құрбан айттың мұсылман қауымының ең басты мерекесі болып табылатындығы тілге тиек етіліпті. Аңыз бойынша бұл мереке Ибраһим пайғамбардың Алланың жолында өз ұлын құрбандыққа шалуға бара жаздаған кезде, жаратушының оған мейірімі түсіп көктен еркек қошқар түсіруімен байланыстырылады. Міне сол кезден бастап мұсылмандар өз баласын құрбандыққа шалмай, мал соя бастаған. Бұл мейрам үш күнге созылады. Осы мейрам кезінде әсіресе құрбандыққа шалынған малдың етін кедей-кепшікке үлестіріп бергеннің сауабы күшті болады.

Сондай-ақ бейсенбі күні жарық көрген басылымдар қазақ-ресей шекарасын делимитациялаудың аяқталғандығына да айрықша назар аударыпты. “Жас алаш” басылымында жарық көрген Мұхтар Жанұзақұлының талдау мақаласында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге барып қайтқан сапары туралы ресейлік басылымдардың не жазып жатқандығы туралы айтылыпты. Газет тілшісінің айтуынша қазақ-ресей шекарасын делимитациялау процесінде Қазақстан жағы қатты ұтылып қалған.

“Независимая газета” басылымы “шекарадағы даулы аудандардың бірі – Қостанай мен Челябі облыстарының арасында жатқан “Огнеупорный” поселкесінің басы бүтін Ресейге берілгенін тұрғындардың бәрі дерлік орыс болғандығымен түсіндіріпті. Имашев газ кен орны бұған дейін түгелдей дерлік қазақстандыкі болып келген. Халық оны екінші ірі газ кеніші деп санап келді. Енді оны екі жақ теңдей игеретін болды. “Коммерсант” басылымы бұл туралы “Ресей өзіне майлы шелпекті алып алды” деп қуана хабарлапты. Ресей сарапшысы А. Колесниковтың деректері бойынша Ресей кен орнына ортақ қылмасаң, солтүстік облыстарға тізе батырамыз” деп сес танытқан.

Ал, бейсенбі күні жарық көрген “Сөз” басылымының “Республика” қосымшасында Ресей мемлекеттік думасының вице-спикері Владимир Жирновскийдің қазақ-ресей шекарасының делимитациялау процесінің аяқталғандығына орай “Эхо Москвы” радиобекетіне берген сұхбаты жарияланыпты.

Өз сұхбатында Владимир Жириновский Қазақстан сынды мемлекет тарихта болмаған деген ой айтыпты. Ол "Шымкент, Жамбыл, Қызылорда ғана қазақтардың отаны болып табылады, Қазақстанның солтүстігі – оңтүстік Орал және оңтүстік Сібір немесе Алматы - орыстың жері" деп мәлімдеген.

"150 жыл бұрын бұл қала Верный деп аталған. Бұл орыстың аты. Ол кездері бұл қалада бірде-бір қазақтың үйі болмаған. Таза орыс тұрақтары орын тепкен" деген Владимир Жирновский Семей, Өскемен, Петропавлды да орыстардың жері" деп санайтындығын әңгіме қылыпты.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы болса Ресей президенті Владимир Путиннің мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы құжатты екі елдің өміріндегі елеулі оқиға ретінде бағалап өткендігін хабарлапты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Каспий теңізі маңында орналасқан елдердің ішінде Қазақстан Ресеймен шекара мәселесін шешіп алған алғашқы мемлекет болып табылады.
XS
SM
MD
LG