Accessibility links

Аушвиц концлагері тұтқындарын қызыл армияның азат еткеніне 60 жыл

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

БҰҰ бас ассамблеясы Германияны нацистер билеп тұрғанда Аушвиц концлагерінде болған тұтқындарды қызыл әскердің қамаудан босатқанына 60 жыл толуына орай арнайы сессия ашпақшы.

БҰҰ бас ассамблеясының арнайы сессиясы дүйсенбі күні өтпекші. БҰҰ ресми өкілдерінің айтуынша, Аушвиц концлагеріндегі тұтқындарды азат етілгеніне 60 жыл толуына арналған шаралар осы ұйымның бастапқы құрылымындағы принциптер жайлы қайта ойлануға және адам құқын сыйлауды қайта жандандыру қажеттілігін еске түсіруге мүмкіндік бермекші.

Сонымен бірге бұл Израиль мен БҰҰ бас ассамблеясы арасындағы бірнеше онжылдықтарға созылған салқындықтың тігісін жатқызатын себеп болғалы тұр.

Екінші дүниежүзлік соғыстың соңын ала құрылған БҰҰ келер ұрпақтарға соғыс қырғыны салған жараның себептерін жеткізуі тиіс болатын дейді Азаттық радиосының БҰҰ-дағы тілшісі Роберт Макмахон. Алайда нацистік Германия концлагерлерінің азат етілген күндерін БҰҰ ешқашан еске алған емес.

Дүйсенбі, қаңтардың 24-і күні БҰҰ бас ассамблеясы Польшадағы Аушвиц (Освенцим) ажал лагері тұтқындарының азат етілген күнін арнайы сессияда атап өтпекші. Ол концлагерьде шамамен бір жарым миллиондай еврей өлтірілген екен.

– Осыдан 60 жыл бұрын не болғандығын есте ұстау және ой елегінен өткізе отырып одан сабақ алу – біздің бәріміз үшін маңызды. 6 миллион еврейді және басқаларды әлгі лагерлерде жоқ қылған ол қара күш біздің бәрімізге бүгін де қауіп төндіріп отыр. Бұл жөніндегі мәселені тым алыстағы өткен күндерге ысырып тастап, ұмытып кету мүмкін емес. Мұндай оқиғаның енді қайтіп қайталанбауын әрбір ұрпақ жіті қадағалауы тиіс, – деді БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан сәрсенбі күні сөйлеген.

Сессияның маңыздылығын атап көрсете отырып, бұл жиынға Израйль, Германия, Польша және Франция сыртқы істер министрлері қатыспақшы. Сессияны өткізу жөніндегі ұсынысты Еуропа одағы мен АҚШ, Ресей, Аустралия, Канада және Жаңа Зеландия елдері жасаған болатын. БҰҰ-на мүше 150-ден аса ел оған қолдау көрсетті.

БҰҰ бас ассамблеясының төрағасы габондық Жан Пиннің пікірінше, бұл шара аталған ұйым хартиясының шарттарына орай және адам құқықтарын сақтауға байланысты міндеттерін қайта жаңғыртуға мүмкіндік бермек. Израильдің Палестина жерлерін басып алу себептеріне орай бас ассамблея Израйльді айыптайтын шараларды жиі қабылдап келген еді.

Екі тараптың қарым-қатынасы, әсіресе 1975 жылы ушыға түскен-ді. Себебі, сол жылы БҰҰ бас ассамблеясы сионизімді нәсілшілдіктің бір пішіні ретінде бағалап, дауыс берген еді. Тек 1991 жылы ғана Құрама Штаттардың ықпал етуімен бұл қарар күшін жойған болатын.

Израильдің БҰҰ-дағы елшісі Дан Гиллерман Таяу шығыста бейбіт жағдайдың орнайтындығына үміт білдіре отырып, БҰҰ-ның табиғатында да өзгерістер болар деген ойын жеткізді. Аушвиц, яғни Освенцим лагерінің фашистерден босатылған күні – 1945 жылғы қаңтардың 27-сі.

Қазірде көз тірі концлагерьдің бұрынғы тұтқындары сол күні Польшаның оңтүстігіне әлем басшыларымен бірге жиналып, қызыл армияның аталған лагерьді босатқан күнін атап өтпекші. Польшаның Освенцим атты қаласын нацистік басқыншылар Аушвиц деп өзгерткен болатын.
XS
SM
MD
LG