Accessibility links

Баспасөзге шолу. 21 қаңтар 2005 жыл.


Жұма күнгі газеттер Пәкістанда қазақ дипломаты Сапарғали Әубәкіровтың өз пәтерінде қылмыскерлердің қолынан ауыр жарақат алғандығына баса назар аударыпты. Қазақстан сыртқы Істер министрлігі оқиғаға байланысты Пәкістанның сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолдаған.


“Айқын” газеті 19 қаңтар күні түнде өз пәтерінде ауыр жарақат алған Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы елшісінің кеңесшісі Сапарғали Әубәкіровтың жағдайының ауыр күйде екендігін хабарлапты.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі берген ақпарат бойынша, 19 қаңтар күні күндізгі сағат 14.00 кезінде Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Сапарғали Әубәкіров өзі тұрып жатқан үйде басынан оқ тиіп ауыр жараланған күйінде табылған. Мұны ең алдымен қазақ дипломатына қызмет етуші адам көріп, дереу Қазақстан елшілігіне хабарлаған.

Оқиға орнына келген елшілік қызметкерлері дереу жедел-жәрдем көлігін шақырып, өкілдік орналасқан елдің құқық органдарына хабар берген. “Айқын” басылымына Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі осы оқиғаға байланысты Пәкістан құқық орындарының іс қозғағанын, қазір тергеу шараларының жалғасып жатқандығын айтыпты. Мақала авторының айтуынша, оқиға орнынан атыс қаруының гильзасы табылған, ал қарудың өзі жоқ. Мақалада сондай-ақ кеңесші Сапарғали Әубәкіровтың Пәкістанның ішкі және сыртқы, сондай-ақ діни мәселелерімен айналысқандығы баяндалыпты.

Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқыс оқиғаға байланысты Пәкістанның сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолданған. Сол күні Қазақстан Республикасының елшісі Бейбіт Исабаев Пәкістан президенті әкімшілігі өкілдерімен, сондай-ақ сыртқы істер министрлігі басшылығымен және Исламабад полициясының басшыларымен кездескен. Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан пікірге сүйенсек, бұл ең алдымен "қасақана кісі өлтіру әрекетіне" сәйкес келіп отыр.

“Литер” басылымының хабарлауынша Сапарғали Әубәкіровтың басынан тиген оқ миына қатты зақым келтірген. Газет тілшісінің хабарлауынша, осы оқиғаға байланысты пәкістандық құқық орындары қылмыстық іс қозғапты. Пәкістандық із кезушілердің болжамына сүйенсек, Әубәкіровтың оның көлігін тонап кеткен қылмыскерлердің қолынынан жаралануы ықтимал.

Дегенмен мақала авторы 20 қаңтар күні бұл оқиғада жаңа деректердің ашылғандығын хабарлап, полицейлердің бұл қастандықты "ойластырылып жасалған қылмыс" деген қорытындыға келіп отырғандығы туралы дерек келтіріпті. Әзірше бұл оқиғада саяси немесе қылмыстық астар бар екендігін анықтау қиынға соғып тұрғанын жазады басылым. Мақала авторының айтуынша, Сапарғали Әубәкіров өте ұстамды, салиқалы азамат ретінде жақсы танылған дипломат.

Елшіліктегілер Сапарғали Әубәкіровтың жауы болғандығына күмәнмен қарайды. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Сапарғали Әубәкіровтың үйі Исламабадтың қақ төрінде орналасқан. Сонымен қатар Еуропа елдерінің бірнеше дипломатиялық өкілдіктері де оқиға болған маңайға жақын жерде орналасқан көрінеді. Газет тілшісінің хабарлауынша, мұндай оқиғаның Исламабадтың қақ төрінде болуы да жұртшылықты біраз алаңдатып тастапты.

“Караван” апталығы Исламабад қаласындағы оқиғаға байланысты түсініктеме беруін өтініп елшіліктің үшінші хатшысы Ернұр Тұяқбаевпен хабарласыпты. Газет тілшісіне берген түсініктемесінде Ернұр Тұяқбаев төтенше оқиғаға байланысты әзірше ешқандай да нақты ақпараттың жоқ екендігін, полицейлердің елшілік қызметкері Сапарғали Әубәкіровтың өзін-өзі өлтіруге әрекет жасағысы келді немесе саяси мақсатпен қастандық жасалынды деген болжамды бірден жоққа шығарып отырғандығын әңгімелеп беріпті.

Оның айтуынша, Сапарғали Әубәкіровтың дипломатынан мобиль телефоны тоналған және көлігі ұрланған. “Караван” апталығы мысалға келтірген полицейлердің болжамына сүйенсек, "қазақ дипломатына оны тонағысы келген адамдар қастандық жасаған және бұл қастандықты жасаған адамдардың Сапарғали Әубәкіровтың өзі шақырған таныстары болып шығуы да ықтимал".

“Караван” апталығына берген түсініктемесінде елшіліктің үшінші хатшысы Ернұр Тұяқбаев бұл оқиға Исаламабадтың ең қатаң бақылауындағы ауданында болғандықтан, осы жерге жақын маңайға орналасқан шет елдің дипломатиялық өкілдіктердің алаңдаушылық танытып отырғандығын да айрықша атап өтіпті.

Мақала авторының айтуынша, Сапарғали Әубәкіровке қастандық әрекеті жасалаған кезде оның әйелі мен бала-шағасы Қазақстанда болған. Таяу уақытта Сапарғали Әубәкіров 46 жасқа толады екен. “Караван” апталығы дәрігерлер Сапарғали Әубәкіровтың өмірін құтқарып қалу үшін барлық шараларды жасап жатқанын хабарлапты.

“Панорама” апталығы болса кейбір пәкістандық бұқаралық ақпарат құралдарының Сапарғали Әубәкіровтың, үйінің жанынан оның көлігін тонап жатқан қылмыскерлердің үстінен түскен кезде жарақат алғандығы туралы ақпаратты хабарлап жатқандығына баса назар аударыпты. Басылым келтірген деректерге жүгінсек, полицияның жоғары шенді бір офицері Сапарғали Әубәкіровтың дәл қазіргі жағдайының өте ауыр халде екендігін мәлімдепті.
XS
SM
MD
LG