Accessibility links

Қазақстанда Құрбан айт неге ресми мейрам болып саналмайды?


Бұл күндері әлемдегі күллі мұсылман қауымы өздерінің ең үлкен ең ұлық мейрамы – Құрбан айт мейрамын атап өтіп жатыр. Қазақстанда тұрғындардың басым бөлігі ислам дінін ұстанатындарға саналғанымен, әзірге Құрбан айт көршілес кейбір елдердегі сияқты ресми белгіленген мереке күндер қатарында жоқ.

Бұрынғы Советтер одағы құрамында болған Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, сондай-ақ Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстанда Құрбан айт мейрамы ресми демалыс күні болып жарияланған.

Ал Қытайдағы барлық мұсылмандар бұрыннан бері Құрбан айтта 3 күн, Ораза айтта 2 күн жұмысқа шықпай дем алады екен.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін республика халқы совет дәуірінде әдейі ұмыттырылған діни мейрамдар – Құрбан айт пен Ораза айтты тойлай бастады. Бірақ, жоғарыда аталған елдерден бір өзгешелігі, бұл күні қазақстандық мұсылмандар ресми түрде дем алмайды, яғни әдеттегі жұмыс күні болып саналады.

Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Аманкелді Айталы Құрбан айт, Ораза айт мейрамдарын ресми түрде мемлекеттік мейрамдар тізіміне енгізіп, бұл күндерді демалыс деп жариялау туралы ұсынысты көтерген еді. Алайда бұл ұсыныс парламент мәжілісінен де, үкіметтен де толық қолдау таппағандықтан іске аспады.

Депутат Айталының айтуынша, бұл діни мейрамдарды ресми мейрам ретінде үкімет осы күнге дейін танығысы келмей отыр. Себебі, үкіметтегілер Қазақстан діни мемлекет емес, зайырлы мемелекет болғандықтан діни мейрамдарды ресми мерекеге жатқызу дұрыс болмайды деген уәжді алға тартады дейді Айталы.

– Сондықтан Қазақстан үкіметі қашанға дейін өзінің осындай біржақты көзқарасын өзгертпейінше елімізде Құрбан айт пен Ораза айт мейрамдары ресми түрде танылмайды, – дейді ол.

Ислам дінтанушысы Мұртаза Бұлытай Қазақстанның өз көршілері арасында Құрбан айтты ресми мейрам ретінде танымай отырғанын ұят іске балайды.

– Үкімет пен парламенттегі кейбір ағалардың «елімізде 43 діни конфессия бар, ертеңгі күні олар да өз діни мейрамдарын тойлау туралы талап қойса не айтамыз, бұл нәзік мәселеде тұра тұру керек» дегенді алға тартып отырғандары дұрыс емес, – дейді Мұртаза Бұлытай.

Оның пікірінше, халқының 70-тен астам процентін ислам дінін ұстанатындар саналатын Қазақстанда Құрбан айт пен Ораза айт мейрамдары мемлекеттік дәрежеде демалыс күндері деп жариялануы керек.
XS
SM
MD
LG