Accessibility links

Қазақстан премьер-министрі мәдениет,ақпарат және спорт министрлігін өз бақылауына алды

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

Қаңтардың 11-і күні Қазақстан үкіметінің басшысы Даниал Ахметов пен оның орынбасарлары арасында қызмет міндеттерін белгілейтін өкім шыққанда вице-премьер Ахметжан Есімовке мәдениет, ақпарат және спорт министрлігін бақылау тапсырылған еді. Алайда бұл министрлікті енді премьер өз бақылауына алды.

Қазақстан үкіметі баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі Нұрлан Қалқаның хабарлауынша, премьер-министр Даниал Ахметов қорғаныс, сыртқы істер, экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, көлік және коммуникациялар, ішкі істер және әділет министрліктері мен экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне жалпы бақылау жасайтын болады. Осы тізімге толықтыру енгізіліп, премьер мәдениет, ақпарат және спорт министрлігін бақылауды да өз міндетіне алды.

Саясаткер Құрылыс Сүлейменов үкімет басшысының соңғы аталған министрлікті өз бақылауына алуын алдағы үлкен саяси науқанмен байланыстырады.

- Үкімет басшысының мәдениет, ақпарат және спорт министрлігін өз бақылауына алуы - ол алдағы жоспарланып отырған президенттік сайлауға байланысты болып отыр. Бұл жерде басқаша ой жоқ. Бұрын-соңды үкімет басшысы ақпарат министрлігін өз бақылауына алу деген болған емес, - деді ол.

Ал «Жас Алаш» газеті редакторының орынбасары Қали Сәрсенбай үкімет ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау үшін осындай қадамға барып отыр деген пікірді ұстанады.

- Қазіргі түрлі саяси ахуалға байланысты үкімет ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау үшін осы шешімге келуі мүмкін, - дейді Қали Сәрсенбай.

Бұрынғы ақпарат министрі, «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы болса, үкімет басшысы елдегі бұқаралық ақпарат құралдарын жеке өз бақылауында ұстау үшін осындай шешімге келіп отыр деген ой айтады.

- Қалыптасқан дәстүр бойынша, премьер-министер тек экономика саласына бақылау жүргізеді. Ал оның ақпарат саласын өз бақылауында ұстауы - БАҚ туралы заң шығарылғалы жатқанына байланысты. Соны жеке өзі бақыламақшы. Егер алдағы уақытта елдегі баспасөз құралдары қудаланып жатса, жабылып жатса ол үкімет басшысының әрекеті деп түсінуге болады, - деген тұжырым жасады Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Әбдіжәлел Бәкір бұл істе саяси астар жоқ деген ойда.

- Үкімет басшысының аталмыш министрлікті өз бақылауына алуында саяси астар бар деп айта алмаймын. Егер Ахметов бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайын түзеймін, кадрлар дайындауға күш саламын, материалдық көмек көрсетемін десе, онда қолдауға болады, - дейді ол.

Қазақстан үкіметі баспасөз қызметінің өкілі Нұрлан Қалқадан он күн өткеннен кейін аталмыш өкімге өзгеріс енгізілудің себебін сұрағанымызда, ол бұл сауалға жауап беруге құзырлы еместігін айтты.
XS
SM
MD
LG