Accessibility links

Орталық Азия елдерінде гейлер қоғамда өздерін еркін сезіне алмайды


Бұрынғы ССРО құрамындағы елдер тәуелсіздік алғалы бері олардың ұлттық заңдары да үлкен өзгеріске ұшырады. Мысалы, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанда бір жыныстық қатынас – гомосексуализмді қылмыс деп қарап келген советтік заң жойылды. Бірақ осынау әлеуметтік топқа жататындар қоғамда өзін әлі жат сезінетіндерін айтады.

Совет одағы кезінде бір жынысты адамдардың арасындағы жыныс қатынасы қылмыс саналатын, ол анықталған жағдайда, қатынасқа түскен адам айыпты деп танылып, бес жылға дейін түрмеге жабылатын.

Бірақ 1997 жылы тәуелсіз Қазақстан, Орталық Азия елдерінде алғашқы болып, гейлер – ер азаматтар арасындағы бір жыныстық қатынас – гомосексуализм жөніндегі бұрынғы тыйым салатын заңды жойды. Міне енді, соңғы 7-8 жылдан бері Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматыда гейлер делінетін әлеуметтік шағын топ көбейе келіп, өздерінің екі бірдей клубын ашып үлгірді. Ол клубтардың бірін басқаратын Наталья есімді келіншек өз қызметі жөнінде Азаттық радиосының тілшісіне былай дейді:

- Біздің өз дәрігерлеріміз, психологтарымыз, түрлі мамандықтағы қызметкерлеріміз бар. Олар 19 жастан 58-ге дейінгі өте білімді азаматтар.

Қазақстандағы гейлерлерге арналған электрондық вебсайттың редакторы алматылық Роман Князьев аз санды бұл қауым жөнінде тілшімізге айтуынша, 1997 жылдан бері гейлердің саны арта бастаған. Ал сол 1997 жылы, Қазақстандағы адам құқықтары бюросының есебі бойынша, 8 ғана гомосексуалист тіркелген екен.

Роман Князьевтің айтуынша, үлкен қалалардағы гейлердің жағдайы жақсара бастағандай.

- Бізді әкімшіліктер ренжітпейді. Гейлерге деген жаман көзқарас - советтік заманның қалдығы. Ол кездері гомосексуализм аурудың бір түрі деп есептелетін. Дегенмен, жастар, жасы үлкендерге қарағанда гейлерге төзімділікпен қарайды. Ата-аналардың өзі гей балаларына енді-енді түсіністікпен қарай бастады. Бірақ әлі де болса олардың жағдайы ойдағыдай емес, - дейді Роман.

Ерлердің бір жыныстық қатынасын қылмысқа жатқызатын заң ережесі жойылған соң Қырғызстан астанасы Бішкекте 1998 жылдан бері гейлерге арналған бірнеше кешкі кафе-бар ашылды. Бірақ, гейлерді қудалайтын заң болмағанымен, олардың моральдық тұрғыда қорлық көріп, таяққа жығылатын кездері де аз емес көрінеді. Әсіресе көпшілік қоғамдық орындарда оларды алалап, күшпен шығарып жіберген оқиғалар болып тұрады екен.

Бішкектік Алексей Ващенко есімді гей жігіттің тілшімізге айтқанындай, гомосексуалистерді полицияның өзі де қудалайды екен.

- Заң-тәртіп органдарының қызметкерлері жыныстық талғамы ерекше топтарды кейде кемсітіп, олардың гомосексуалдығы жөнінде жұмыс орындарына, ата-анасына, туыстарына хабарлаймыз деп қорқытып келген кездері де бар. Бірақ 1998 жылға дейінгі жағдайдан айырмашылығы - олар қылмыскер ретінде айыпталып сотқа тартылған емес, - дейді Алексей.

Бішкектегі бейүкіметтік "Оазис" ұйымының жетекшісі Владимир Тюпинның айтуынша, Бішкекте шамамен 35 мыңдай гомосексуалист бар. Бірақ олардың көбі өз айналасындағы қауымнан қаймыққаннан, өздерінің ол жағдайын құпия сақтауға тырысады. Өзгелерден бөлініп, оқшауланып қалудан қорқады екен.

- Біз өзара көмектесу үшін 1995 жылы ынталы топ құрдық. Ол топта он жыл бұрын 37 адам болса, қазір 7 мыңға жетті, - дейді ұйым жетекшісі.

Лезбияндық, яғни әйел жынысты азаматшалардың өзара жыныстық қатынасы сонау совет кезеңінің өзінде гейлер сияқты аса қатаң қудалауға кезіккен емес. Лезбияндарды әдетте психиатриялық емдеу орындарына жіберіп отырған.

Орта Азия елдерінде қазіргі кезде де лезбияндарға арналған ерекше заң жоқ, дегенмен өздерінің мойындауынша, лезбияндардың тіршілігі де мәз емес. 2005 жылдың басынан қырғызстандық лезбияндар "Лабрис" атты қолдау тобын құрған. Олар енді айлық жорналын шығарып, сенім телефонын орнатпақшы. Сол арқылы орталық лезбияндарға заңды жане психологиялық қолдау көрсетпек. Бірақ әдетте, діни қауым жетекшілері гей, лезбияндарға, олардың тіршілік-өмір салтына төзе алмайды.

- Қасиетті Құран және шариғат заңдарына орай, ер адам тек қана әйелге үйлене алады. Ал әйел-қыздар жан-тәнімен де ер азаматқа тиесілі. Сондықтан ислам заңы бір жыныстық қатынас - гомосексуализмге түбегейлі қарсы. Ондай қатынас - заңға да, адамдық қасиетке де қайшы, - дейді Қырғызстан мүфтиі Мұраталы ажы Жұманов.

Сонымен Қазақстан мен Қырғызстанда гомосексуализмге қарсы бұрынғы советтік қылмыстық заң жойылғанымен, бұл елдердегі гейлер мен лесбияндардың құқығын қорғау жөнінде арнайы заң әзірше жоқ. Дегенмен, аталған екі елдегі олардың жағдайы көршілес мемлекеттердегі мұңдастарына қарағанда төзімді деуге келеді дейді талдаушымыз Антуан Блуа.

Мысалы, көршілес Тәжікстанда да советтік заң жойылғанымен, гомосексуалистер өздерін өте құпия ұстайды. 2003 жылғы зерттеулер нәтижесіне жүгінсек, тәжік қоғамында бұл азшылық топқа өте жаман көзқарас бар екен. Бейүкіметтік ұйымдардың байқауынша, тәжік полициясының өзі гейлерді барынша қудалайтын көрінеді.

Ал Түркіменстан мен Өзбекстанның қолданыстағы заңы бойынша, бір жыныстық қарым-қатынас үшін гомосексуалистер 2-3 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.
XS
SM
MD
LG