Accessibility links

Ғалымжан Жақиянов Шідерті колониясында оқшаулағышқа қамалған

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Шідерті колониясында жазасын өтеп жатқан Ғалымжан Жақиянов жұма күні айып оқшаулағышына (ШИЗО) қамалды. Оппозиция лидерінің түрме ішіндегі түрмеге қамалуының астарында не жатыр?

Қазақстан сотының үкімі бойынша, жеті жылға сотталып, жаза мерзімін Шідертідегі еркін қоныстандыру колониясында өтеп жатқан оппозиция жетекшісі Ғалымжан Жақияновтың жұма күні колониядағы айып оқшаулағышына (ШИЗО) қамалғаны жөнінде сол күні кешкісін Азаттық радиосына оның зайыбы Қарлығаш Жақиянова хабарлады:

- Ғалымжан қазір сол колонияда жұмыс істеп жүр. Сол колонияның малы бар, қой-сиыр, солардың шөбін салып, астын тазалап жүреді. Бүгін ол тісі ауырған соң, үйге барып дәрі ішіп келіпті. Сол кезде колония басшылығы келіп, «жұмыста болмадыңыз» деп оны карцерге жауып тастаған.

Бұл ақпаратты еркін қоныстандыру колония маңындағы жеке үйде Ғалымжан Жақияновтың жанында тұрып жатқан бауыры Исламбек Жақиянов да растады.

- Мен мұнда қаңтардың 19-ы күні келгенмін. Барлық құжаттарымды өткізіп, құзырлы органдарға төлқұжатымды беріп, осында Ғалымжанның қасында тұрып жатырмын. Ол бүгін таңертеңгі сағат 10-дар шамасында өзі жұмыс істеп жүрген қора жаққа кеткен. Содан бір сағаттан кейін тісі ауырып қайтып келді. Бірақ, дәрісін ішті де, қайта кетті сол жаққа. Сол екі арада, аңдып отырған ба білмеймін, аяқ астынан тексеру болып, оның жұмыс орнында жоқ екенін анықтаған. Бірақ, сол жерде жұмыс істеп жүрген жігіттер «Ғалымжан осында жүрген, оны көрдік» деп айтыпты. Соған қарамастан, түстен кейін оны шақырып алды да, қамап тастады, - деді Исламбек Жақиянов Азаттық радиосына жұма күні.

Ол Ғалымжан Жақияновтың жаны қысылғанда үйіне келіп, дәрі қабылдағанында тұрған айтқандай заң бұзушылық жоқ деп санайды.

- Мен өз басым саясатқа араласпаймын. Бүгін сол жан-жақтағы туған-туысқа хабар бердім. Жаңа колонияға барып қайттым. Оны қамауға қатысқан адамдардың барлығы бастықтың бөлмесінде отыр екен. Сол жерде тағдырын шешіп жатыр. Қалай болатынын білмеймін. Олар бұны үшінші мәрте заң бұзушылық деп тауып отыр. Ғалымжан осыдан 2-3 күн бұрын Павлодарға барып, тісін емдетуге арыз жазған болатын. Біраз болды, тісі қатты ауырып, түні бойы ұйықтамай шығады, - дейді Исламбек Жақиянов.

Ғалымжан Жақияновтың оқшаулағышқа қамалғандығы туралы әділет министрі Оңалсын Жұмабековқа хабарлағанын жеткізген парламент сенатының депутаты Зәуреш Батталова колония басшылығының іс-әрекетін «ешқандай заң талаптарына сай келмейді» деп бағалайды.

- Ғалымжанның «мына жұмыстан шығамын» деп арыз бергеніне екі ай болды. Ол «Юереке» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестікке күзетші болып кіруге арыз берген. Неге екенін білмеймін, колония бастығы соған жібермей отыр. Меніңше, олар Ғалымжанды осы жерде ұстап, минут сайын тексеру жасап, келсін-келмесін айып тағып, қайтадан қатаң түрмеге жөнелтуді көздеп отырған болуы керек, - деген болжам жасайды сенат депутаты Зәуреш Батталова.

Ғалымжан Жақиянов жазасын өтеп жатқан Шідерті колониясының бастығы Азамат Есмұханов «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының басшысы оқшаулағышқа екі күнге қамалғандығын Азаттық радиосына растады. Ол Ғалымжан Жақияновтың шынымен де ауырғандығын растайтындай «ешқандай құжат жоғын» алға тартады.

- Ол негізінде жұмыс берушіден сұранып кетуі керек еді. Бірақ бүгін ешкімге ескертпей кетіп қалған. Бұндай заң бұзушылыққа 15 тәулік беру керек, біз 2 тәулік қана кестік. Кейінгі тағдыры туралы әзірге ештеңе айта алмаймын. Ертең оқшаулағыштан шыққан соң өзін-өзі қалай ұстайды? Соған қарап шешім қабылдаймыз. Бұған дейін бір рет «жұмыс істемеймін» деп, екінші рет тексеруге келмей қойып тәртіп бұзған болатын. Міне, бүгін үшінші рет тексеру комиссия келген кезде, жұмыс орнында болмай, заң бұзды, - дейді Азамат Есмұханов.

2001 жылдың қарашасында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрып, елде демократиялық саяси өзгерістер жасау туралы бастама көтергендердің бірі, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов 2002 жылдың жазында "қызмет бабын асыра пайдаланған" деген айып тағылып 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Бастапқыда жазасын Қостанай облысындағы Құсмұрын түрмесінде өтеген Ғалымжан Жақиянов 2004 жылдың қыркүйегінде Павлодар облысындағы Шідерті елдімекеніндегі еркін қоныстандыру колониясына ауыстырылған еді.

Қазақстан оппозициясы мен бірқатар халықаралық адам құқығын қорғаушы ұйымдар Ғалымжан Жақияновты "саяси көзқарасы үшін жазаланған" деп таниды.
XS
SM
MD
LG