Accessibility links

Ғалымжан Жақиянов айып оқшаулағышынан тез арада босатылды

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Қаңтардың 22-сі күні Ғалымжан Жақиянов Шідерті колониясындағы айып оқшаулағышынан (ШИЗО) мерзімінен бұрын шығарылғанынын Азаттық радиосына телефон арқылы өзі хабарлады. Ол содан бір күн бұрын «тәртіп бұзған» деген желеумен оқшаулағышқа қамалған еді.

Ғалымжан Жақиянов сенбі, қаңтардың 22-сі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында Шідерті колониясында жұма күні болған оқиға турасында былай айтып берді:

- Кеше таңертеңгісін әдеттегідей жұмысқа бардым. Жұмыс болғанда, осы мына колонияның малын жайлап жүрмін. Содан тісім қатты ауырып кеткен соң, үйіме келіп дәрі қабылдап алғанымша, тексеріс болып, мені «жұмыста жоқ» деп жазып, карцерға қамап тастады. Бүгін түстен кейін сағат 2-де босатты. «Денсаулығыңызға байланысты» деп аяғына дейін ұстамай шығарды. Бірақ, тағылған айыпты сол күшінде қалдырды.

Ғалымжан Жақиянов өзіне колония басшылығы жоғарыдан берілген нұсқау бойынша айып таққан деген болжамын айтады.

- Бұл әрекеттің алдын-ала дайындалғандығы белгілі. Өйткені, менің білуімше, колонияға облыс басшылығынан, ұлттық қауіпсіздік комитетінен кісілер келіпті. Осының барлығын солар ұйымдастырып отыр, - дейді Ғалымжан Жақиянов.

Ол жазасын өтеп жатқан Павлодар облысындағы Шідерті колониясының бастығы Азамат Есмұханов Азаттық радиосына «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының лидері туралы ешқандай ақпарат бере алмайтынын жеткізді:

- Мен ештеңе білмеймін. Телефон арқылы мәлімет бермеймін.

Бастапқыда жазасын Қостанай облысындағы Құсмұрын колониясында өтеген Ғалымжан Жақиянов Павлодар облысындағы Шідерті колониясына 2004 жылдың қыркүйегінде ауыстырылған еді. Ол енді өзін қайтадан жалпы колоннияға ауыстыру үшін билік тарапынан әрекеттер жасалып жатыр деп санайды.

- Сол мақсатта ғой кешегі жасап жатқандарының барлығы. Ол белгілі болып тұр. Өйткені, бұл жерде қызметте жүрген менен басқа кісілердің ешқайсысына ондай айып тағылып, тексеру жүргізілмейді. Мақсаттары - мені қайтадан жалпы колонияға қайтару. Ал, ол үшін жаңағыдай 2-3 айып жеткіліксіз. Бұндай түрлері ұсақ-сүйек болып саналады. Айыптың негізгі түрлеріне бір-бірін пышақтап, арақ ішіп, төбелес ұйымдастырып немесе қашып кету әрекеттері жатқызылады. Сондықтан, бұлар мені айыптың сапасымен емес, санымен алуға кіріскен сияқты, - деді Ғалымжан Жақиянов Шідертідегі колониядан Азаттық радиосына телефон арқылы берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Шідертідегі басшылыққа колониядағы жұмысты «Береке» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің күзетшісі жұмысына ауыстыру туралы шағым жасағанына екі ай болыпты. Бірақ сол өтініштің қанағаттандырылмай отырғандығын «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының лидері Ғалымжан Жақиянов өзінің конституциялық құқығының сақталмай отырғандығының дәлелі ретінде атайды.

- Мен осында келе салысымен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясымен жұмыс істейін» деп арыз бергенмін. Осыған орай партия тарапынан да тиісті келісім-шарт жобасы ұсынылды. Дегенмен, оған күні бүгінге дейін қол қойылмай келді. Содан кейін басқа да жұмысты қарастырып, тағы да ұсыныс жасадық. Ол да қанағаттандырылмады. Оның есесіне, мына өздеріндегі малға қаратып, осындағы жұмысқа шығарып отыр. Негізінде, бұл істеп отырғандарының барлығы заңсыз. Өйткені, біздің конституциямыздың 24-бабына сәйкес, адамды жұмысқа мәжбүрлеп, зорлықпен шегу туралы ештеңе жазылмаған, - дейді Ғалымжан Жақиянов.

«Ақ жол» партиясы тең төрағаларының бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, Қазақстандағы саяси жүйеге толығымен реформа жасамай, саяси қайраткерлер басындағы проблемаларды жекелей шешу мүмкін емес:

- Бұл жерде көп мәселенің саяси астары бар. Сондықтан да, Ғалымжанды онсыз да бас бостандығынан айырғаны аздай, биліктің оны түрмеде де түртпектей беруі – моральдық жағынан да, адамгершілік жағынан да, тіпті саяси жағынан да мүлдем келіспейтін жағдай. Меніңше, Ғалымжанның проблемасын оны түрмеден шығару арқылы ғана шешуге болады. Анығында, ол Ғалымжанның жеке мәселесі емес. Ол – жалпы саяси реформаның мәселесі. Егер елімізде саяси жүйе жетіліп, реформа алға жүре бастаса, бұндай жағдай болмайтын еді.
XS
SM
MD
LG