Accessibility links

Депутат Ерасыл Әбілқасымовтың сауалы бойынша партиялар тізімі тексеріліп жатыр

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстанның бас прокуратурасы парламент мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың сауалында қозғалған мәселеге байланысты партиялар тізімінің растығы қаралып жатқанын хабарлады.

Қаңтардың 21-і күні Қазақстан бас прокуратурасының мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі департаментінің бастығы Андрей Кравченко қаңтардың 19-ында бас прокуратураға жолданған мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың сауалында қозғалған мәселеге байланысты партиялар тізімінің растығы қаралып жатқанын хабарлады.

Депутат Ерасыл Әбілқасымов өткен жылдың қазан айының 13-інде де 6 партияны яғни, «Руханият», «Патриоттар», «Демократиялық», «Ауыл», «Коммунистік партияны» және «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партияларын жабуды, сондай-ақ «АИСТ», «Қазақстанның демократиялық таңдауы партиясы мен коммунистердің оппозициялық халықтық одағы» блоктарын және «Ақ жол», «Асар» партияларының қаржылық шығыстарын тексеруді сұрағанын, алайда, әлі күнге негізді жауап алмағандықтан енді мәселені бас прокуратурадан талап ететінін айтқан еді.

- Бас прокуратураға сауалында депутат Әбілқасымов жекелеген партиялардың қызметінің заңсыздығы туралы мәселені қойып отыр. Депутат бірқатар саяси партиялардың саны заңдарда көзделгендей емес деп есептейді. Осыған байланысты депутат сауалы бізде қайтадан қаралып жатыр, - деді бас прокуратураның мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі департаментінің бастығы Андрей Кравченко.

Өз сауалында депутат Ерасыл Әбілқасымов сөз болып отырған алты саяси партия заң талаптарына сай емес деп айтқан еді. Андрей Кравченко депутаттың сауалына байланысты партиялар тізімінің растығын тексеру жұмыстары бүкіл ел көлемінде атқарылып жатқандығын және "бұл оппозициялық партияларға ғана емес, депутат сауалында көрсетілген басқа партияларға да қатысты" екендігін айтады.

- Егер тіркеуге берілген партиялар тізімдерінің терістігі анықталса тиісті шара қолдану туралы тіркеу органдары алдына мәселе қойылады, - дейді бас прокуратура өкілі.

Ал, «Патриоттар» партиясының төрағасы Ғани Қасымов болса депутат Әбілқасымовтың сауалындай "мыңдаған адам сантүрлі нәрсе айтатынын" алға тартып, "олардың бәріне мән беруім керек пе?" дейді.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының мүшесі, парламент сенатының депутаты Зәуреш Батталлова мәжіліс депутатының аталған сауалы мен одан кейінгі тексерулер биліктің тапсырысымен жасалып отыр деп есептейді. Бірақ, бас прокуратураның мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі департаментінің бастығы Андрей Кравченко өз тараптарынан партиялармен қандай да болмасын саяси күрес жүріп жатпағандығына сендіруге тырысады.

- Бұл жалған мәлімдеме, теріс айтылған сөз. Біз саяси партиялар қызметінің заңдылығын ғана қараймыз, - дейді Андрей Кравченко.

«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы сайлау кезінде қаржы қалай жұмсалғаны жөнінде барлық партияны тексеру керек деген пікір білдірді. Ал, саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам тіркелген партиялар тізімін қайта тексеру жөніндегі депутат сауалына өз пікірін былай білдіреді:

- Парламент сайлауы алдында көптеген партияларды тіркеп жіберді, себебі парламенттен өткен кезінде қай партия өзін қалай көрсетеді, қайсысы билікке қалай жақындайды, қайсысы оған қарсы шығады деген сияқты мәселелермен жасалған нәрсе. Алда енді президент сайлауы бар.

Ал, бас прокуратураның мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі департаментінің бастығы Андрей Кравченко "бас прокуратура ешқандай саяси ұстанымдарды басшылыққа алмайды" деп отыр.
XS
SM
MD
LG