Accessibility links

Мәскеу мемлекеттік университетінің Астанадағы филиалында 370 жас білім алады

  • Айнагүл САҒДИ

Құрылғанына биыл 250 жыл толған Мәскеудің Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің қазақстандағы филиалында 4 факультетте барлығы 370 жас білім алып жатыр.

Мәскеудің Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің 250 жылдығы қысқы сессиямен түспа-түс келгендіктен Қазақстандағы филиалда мерекелік шаралар жоспарланбапты. Филиал басшыларының Мәскеуге аттанып кетуіне байланысты механикалық математика факультетінің деканы Байділдә Төрешбаевты сөзге тарттық.

Ол бүгінгі таңда 4 факультет бойынша дәріс беретін университет филиалында 370 студенттің оқитынын айтты.

- Сонымен бірге 20 қазақстандық оқытушылармен бірге 70-ке жуық мәскеулік оқытушылар дәріс береді. Жалпы университетте қазақ тарихының да, орыс тарихының да оқылуына мән беріледі, - деді декан.

Оның айтуынша, әр факультетте берілетін сабақтардың ауыр-жеңілдігіне қарай студенттер 2-3 жыл Қазақстандық филиалда оқығаннан кейін қалған екі-үш жылдық білімін Ресейдегі бас оқу ғимаратында жалғастырады.

Дәулет Молдабаев Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалында алғашқы сессиясын тапсырып жатыр екен.

- Мен қазір механикалық математика факультетінің 1-ші курсында оқимын, алғашқы емтихандарды да тапсырып үлгердім. Нәтиже жаман емес. Жалпы математика ғылымы өте ауыр ғылым. Сондықтан оны түсіну, оқу қиын, - дейді Дәулет.

Студенттің айтуынша, осындай филиалдарды Қазақстанда көбірек ашқан жөн.

- Өйткені мұндай оқу орындарында терең білім беріледі, сол себептен қазақстандық жастарға шеттен білім іздеудің де қажеті шамалы болар еді, - дейді студент Дәулет.

Бірнеше жылдан бері білім саласында еңбек еткен парламент депутаты Оңалбай Аяшев шетел оқу орындарының қазақстандық филиалдарының жұмыстарына күмәнмен қарайтындығын айтады. Оның пікірінше, филиалдарда оқытқанша, шетелдердегі оқу орындарының өзінде оқытқан дұрыс.

- Байқау арқылы іріктеп, талдап, таңдап жақсы оқитын балаларды шетелдердің оқу орындарына жіберу керек. Өйткені, бізге кейіннен шетелде оқып келген мамандар қажет болады. Қазір бізде, әсіресе, Ресей университеттерінің филиалдары көбейіп кетті ғой. Мен солардың білім беру сапасына өте күдікпен қараймын. Маман ретінде мен сапасыз білім беріледі деп ойлаймын, - дейді депутат.

Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалының 2-ші курс студенті Абыл Әубәкіров өзі дәріс алып отырған білім ордасын Қазақстандағы терең білім беретін оқу орындарының бірі деп есептейді. Оның айтуынша, мұндағы оқытушылар өте қатал, бір емтиханды бірнеше рет тапсыратын да кездері аз болмайды екен.

Университет филиалының механикалық математика факультетінің деканы Байділдә Төрешбаевтың айтуынша, биыл Қазақстандағы филиалдың алғашқы түлектері бітіріп шығады.

- Мәскеу университетінің бағдарламасы және оқу жоспары бойынша білім алып жатқан студенттерге Мәскеу мемлекеттік университетінің дипломы беріледі. Алайда, бітіріп шыққан түлектердің қай елде жұмыс істейтіні әзірге белгісіз. Бұл мәселе әлі тиянақталған жоқ, - дейді декан Байділдә Төрешбаев.
XS
SM
MD
LG