Accessibility links

Қазақстан президентінің бұрынғы көмекшісі Хайролла Қабжановты өлтіріп кетті

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ

Қазақстан президентінің бұрынғы көмекшісі Хайролла Қабжанов қаңтардың 22-сі күні кешкі уақытта Алматы қаласында белгісіз біреулердің қолынан қаза болды.

Алматы қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Абай Омаровтың айтуынша, суыт оқиға Хайролла Қабжанов үйінен шығып, дүкенге бара жатқан жолда болған.

- Куәгерлер Қабжановқа 4 жас жігіттің тиісіп, соққыға жыққанын айтып отыр. Бірақ, олардың ешқайсысы бұл оқиға жайында полицияға дер кезінде хабар бермеген, ал зардап шегуші алған соққыдан қайтыс болған, - деді Абай Омаров.

1945 жылы Қарағанды облысында туған Хайролла Қабжанов совет өкіметі тұсында аудандық және облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеген. Содан әр жылдарда Қазақстан президентінің көмекшісі, президент аппараты мен министрлер кабинетінің іс басқарушысы, президент әкімшілігінің қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, парламент сенаты аппараты бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған Хайролла Қабжановтың кісі қолынан қаза тапқаны туралы Алматы қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің инспекторы Абай Омаров былай айтып берді:

- Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 22-сінде Медеу аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісіне түнгі сағат 10-дар шамасында Алматы қаласы Самал-1 ықшамауданындағы №35 үйдің жанында жасы шамамен 45-50-лердегі ер азаматтың мәйіті табылғандығы жайында мәлімет түскен. Полиция қызметкерлері марқұмның денесін тексергенде оны белгісіз біреулердің ұрып-соғып, қинап өлтіргені мәлім болған. Сондай-ақ тексеру барысында ол кісінің Хайролла Қабжанов екені анықталды.

Абай Омаровтың айтуынша, бүгінде аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу шараларын Алматы қалалық ішкі істер басқармасы мен Медеу аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері бірлесіп жүргізіп жатыр. Алматы қалалық ІІБ баспасөз қызметінің инспекторы Абай Омаровтың айтуынша, әзірге полицейлер кісі өлімімен аяқталған оқиғаны «бұзақылық» деп қарастырып отыр.

- Алматы қалалық ішкі істер басқармасы құрамындағы криминалды полиция басқармасының соңғы мәліметі бойынша, осы оқиғаны көрген куәлер табылып отыр қазір. Сол азаматтардың айтуларынша, сол күні сағат 10-нан 17 минут кеткен шамада Хайролла Қабжановты көшеде 4 жігіт тоқтатып, бұзақылық жасап тиіскендігі белгілі болып отыр.

Хайролла Қабжанов сейсенбі, қаңтардың 25-і күні туған жері Қарағанды қаласында жерленбек.
XS
SM
MD
LG