Accessibility links

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Сөз» газетіне ақшалай талабының мөлшерін екі есеге ұлғайтты


«Сөз» газетін сотқа берген Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті редакциядан моральдық төлем ретінде бастапқы 5 миллион теңгенің орнына енді 10 миллион теңге өндіртіп алмақшы болып отыр.


Қаңтардың 24-і күні Алматы қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотында оппозициялық «Сөз» газетінің үстінен Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің талап арызы бойынша сот процесі қайта жалғасты. Бұл күні әдеттегідей тараптардың әрқайсысы өз ұстанымдарына дәлелдер келтіріп, “Сөз” газеті бірнеше қарсы талап арыз бермекші болды. Бірақ сот оппозициялық басылымның ол талап арыздарының дені сотқа қатысы жоқ деп, қабылдамай тастады.

Редакция даулы мәселеге ұлттық қауіпсіздік комитеті үшін адвокат Анатолий Гинзбург емес, «Сөз» газетінің таратқан бұл хабары ешқандай қисынға келмейтінін ҰҚК қызметкерлерінің өздері нақты дәлелдеп, қордаланып қалған сұрақтарға жауап берсін дейді.

“Сөз” газетінің қазақша нұсқасының редакторы Шәріп Құрақбаев өздерінің ешқандай қателеспегенін, керісінше, "ҰҚК өкілдері сотқа өздері келмей жалтарып отырғанын" айтады. Алайда ҰҚК-нің Алматы қаласы және облысы бойынша басқармасының баспасөз хатшысы Болатбек Төлетайтегі Азаттық тілшісінің сауалына берген жауабында бұл мәселе жөнінде әзірше ештеңе айтпайтындықтарын білдірді.

Дүйсенбі күні жалғасқан сот процесі барысында тараптардың іске қатысты барлық құжаттары негізге алынып, нақты іске қатысты екі жақ өкілдерінің пікірлері тыңдалды.

Талапкер ҰҚК өз ар-ұжданына кір келтіретін, шындыққа жанаспайтын хабар таратқан деп «Сөз» газетін айыптап, моральдық төлем ретінде бастапқы 5 миллион теңгенің орнына енді 10 миллион теңге өндіртіп алмақ болып отыр.
XS
SM
MD
LG