Accessibility links

Баспасөзге шолу. 25 қаңтар 2005 жыл.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдардың бетінде қазақ-ресей шекарасын делимитациялау, жер мәселесі, АҚШ-та өтіп жатқан “Қазақгейт” соты туралы мақалалар жарияланыпты.

“Жас Алаш” басылымының сейсенбі күнгі санында жарық көрген Мұхтар Жанұзақұлының талдау мақаласында Ресей саясаткері Владимир Жириновскийдің “Эхо Москвы” радиосына берген сұхбатындағы айтқан сөздері сынға алыныпты.

Еске салайық, Владимир Жириновский ол сұхбатында “Қазақстанның байырғы жері – Шымкент, Жамбыл, Қызылорда. Барлығы қазақтың атамекені. Бірақ, Қазақстанның солтүстігі – Орал мен Оңтүстік Сібірдің оларға еш қатысы жоқ. Тіпті 150 жыл болған Алматының орысша атауы - Верный. Онда бірде бір қазақтың үйі болмаған, таза орыстардың қонысы. Семей, Өскемен, Петорпавл – барлығы Ресейдікі” деген болатын. Мақала авторының айтуынша, бұл пікірді Ресей мемлекеттік думасының орынбасары сияқты ірі лауазымды тұлғасының айтуы Путиннің келуімен Ресей халқының “ұлтшылдық” деңгейінің өсіп бара жатқандығын аңғартады.

“Жұма таймс немесе Дата недели” апталығында соңғы кездері Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасының тым жақындап бара жатқандығына талдау жасаған ресейлік сарапшылардың мақалалары беріліпті. Мысалы, ресейлік “Незавимая газета” басылымынан көшіріліп басылған мақалада кейбір сарапшылардың Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші кезекте Ресейдің қолдауының арқасында алдағы сайлауда жеңіске жетуді мақсат етіп отырғандығы айтылыпты.

Ресейлік “Независмая газета” басылымынан алынған мақалада Ресей президенті Владимир Путиннің мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жағдайының қиын екендігін ескерткендігі және қандай қиын күн туса да көмектесуге уәде бергендігі хабарланыпты. Сондай-ақ “Жұма таймс немесе Дата недели” апталығында жарық көрген Марат Уатқанның мақаласында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "бұрын толық Қазақстанның иелігінде болып келген “Имаш” газ-кен орнын енді екі жақтың теңдей бөлісіп алып пайдалануға келіскендігі" айтыла келіп, келешекте Қазақстанның бұл газ кенішінен айырылып қалуы мүмкін екендігі тілге тиек етіліпті.

Автор Марат Уатқан шекараны белгілеу кезінде, яғни шекара бағандарын қадау кезінде “Имаш” газ кен орны орналасқан аймақтың бір күннің ішінде Ресейдің иелігіне өтіп кетпесіне ешкім де кепілдік бере алмайды деп есептейді. Оның пікірінше, "екі ел президенттері бекіткен сол келісім “бірлесіп игеру” шарты бойынша емес, “Имаш” кені басыбайлы Ресейге беріліп кетпегендігін Назарбаевтан басқа ешкім де дәлелдей алмайды". Мақала авторының айтуынша, “Қазақгейт” сотын үйіре бастаған АҚШ-қа сес көрсету үшін Ресейді қосағына алған Қазақстан орысты осындай сияпатпен айналдыруы ықтимал.

“Эпоха” басылымында Қазақстан президентінің экс-кеңесшісі Джеймс Гиффен туралы мақала жарық көріпті. Мақалада Джеймс Гиффеннің қалай байығандығының тарихы баяндалған. Мақалада мысалға келтірілген Батыс басылымдарынан алынған деректерге жүгінсек, Гиффен бірнеше рет шетелге шығып, Қазақстанның экс-премьері Әкежан Қажыгелдинмен кездесіп, оған Нұрсұлтан Назарбаевпен күресуден бас тартуға ұсыныс жасап, осы талапты орындаған күні бұрынғы премьерге Қазақстандағы лауазымы жоғары қызмет пен қаржылық тұрғыдан көмек көрсетілетіндігіне уәде берген. Қазақстандағы Америка Құрама Штатының бірінші елшісі болған Уильям Кортнидің айтуынша, "өз билігін нығайту барысында Нұрсұлтан Назарбаев авторитарлық басшыға айнала бастап, оның Джеймс Гиффенге деген тәуелділігі күннен күнге күшейе берген". 1995 жылы Джеймс Гиффен мемлекеттегі ең маңызды жобалардың делдалы болып шыққан.

“Республика” басылымы ресейлік “Коммерсант” газетінде жарық көрген Андрей Колесниковтың мақаласын көшіріп басыпты. Ресей сарапшысының айтуынша, "шекараны делимитациялау туралы келісімге сәйкес Ресей газ кенішінің майлы бөлігін өзіне кесіп алған". “Коммерсант” газетінің хабарлауынша, Қазақстан өз территориясының тағы бір пұшпағын құрбан еткен. Астрахань губернаторы Александр Жилкиннің сөзімен айтсақ, "бұл территорияны да қазақтар “көршіміз ғой, алыңдар” деп оңай бере салған" деп жазыпты “Коммерсант” басылымы.

Жаңадан жарық көре бастаған “Жас қазақ” басылымының саяси шолушысы Ержан Әбдіраманның талдау мақаласында Қостанай облысындағы Огнеупорный ауылы мен ресейлік малшылар қыстап келген, бірақ Қазақстанға қарасты болып келген территорияның да басы бүтін Ресейге өтіп кеткендігі тілге тиек етіліпті.

Газет тілшісінің пайымдауынша, Ресей Қазақстанға ықпал ету рычагінен айырылмау үшін делимитация мәселесін бес жылға созып келген. Ақыры әрі қарай соза беруге еш сылтау қалмаған соң, қазақтардың бұл келісім үшін неге болса да дайын екенін пайдаланып, Қазақстанға тиесілі газ кенішінен және территориядан асап-асап қалған.

“Жас қазақ” басылымының айтуынша, Қазақстан үкіметі ендігі уақытта Батыспен әскери-техникалық ынтымақтықты тереңдету, НАТО-ға кіруге дайындалу сияқты мәселелерде Мәскеуге жалтақтамай батыл іс-әрекетке көшкені жөн.
XS
SM
MD
LG