Accessibility links

Шахтинск қаласы қаңтардың аязында жылусыз қалды


Қарағанды облысының Шахтинск қаласында жылу электр станциясында болған апат салдарынан қаланың 15 мыңға жуық тұрғыны осымен үшінші күн жылусыз отыр. Бұл қала халқының шамамен 70 пайызы. Бөлмелердегі жылу небары 1-3 градус қана болғандықтан мектептер мен ауруханалардың жұмысы тоқтатылған.

Кезінде 45-50 мыңдай халқы болған Шахтинск қаласы экономикалық тоқырау жылдарында қатты зардап шеккен өндіріс орталықтарының бірі. Тұрғындардың айтуынша, содан бері қалада тұрақтап қалған жұртшылық әлеуметтік қиындықтардан көз ашпай келеді. Ал бұл күндері жылу электр станциясында болған апаттың салдарынан қалада төтенше жағдай қалыптасып отыр. 200-ден астам көп қабатты тұрғын үйлер мен мекемелерге жылу беру тоқтатылған.

Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма басшысы Мейрам Қабденұлының айтуына қарағанда, екі қазандық істен шыққан.

- №1 қазандық та, №4 қазандық та тоқтады. Қалада 12 мыңнан астам адам орталық жылу электр станциясына қосылған. 208 үй, олардың 17-сі білім беру мекемелері, 3-уі денсаулық сақтау, 4 әкімшілік ғимарат жылусыз қалды, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Шахтинск қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айгүл Қасымованың айтуынша, онда ем алып жатқан науқастардың басым бөлігі үйлеріне шығарылып, тек ауыр халдегі аурулар ғана қалған.

- Сонымен бірге, туған-туысқандары, баратын жерлері жоқ аурулар қалды. Бүгінде палаталарды қол пештермен жылытуға мәжбүр болып отырмыз, - дейді бас дәрігердің орынбасары.

Бұл өңірде қазір 35 градусқа дейін аяз тұр. Ал тұрғын жайлардағы температура +1 градустың ар жақ, бер жағында. Қала тұрғыны Роза Мелятованың айтуынша, жағдай өте қиын. Ол өзі тұратын жер үйді пеш жағып жылытатындықтан қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде тұратын ағасының отбасын паналатып отырғанын айтады.

- Тіпті, батареялары жарылып, азынап тұрған үйлер де бар, - дейді тұрғын.

Алайда, Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма басшысы Мейрам Қабденұлы жылусыз үйлердегі жағдай соншама ауыр емес деп сендірмек болады.

- Жарылса 1-2 батарея жарылған шығар, қазір мектептерде, басқа да мекемелерде жөндеу жұмыстарымен айналысатын жұмыскерлерден құрылған топ күні-түні кезекшілікте. Олар қай жерде қандай ақау кеткенін қадағалап отыр, әзірге жаппай жарылу болған жоқ, - деді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма басшысы.

Мейрам Қабденұлы бүгінде апатты қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын деп отыр.

- Қазір №1 және №4 қазандықтар жөндеуден өткізілді. Енді жылу берілуі керек, - деді ол.
XS
SM
MD
LG