Accessibility links

Депутат Ерасыл Әбілқасымов Владимир Рерихке іздеу салды

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

Парламент депутаты Ерасыл Әбілқасымов «Асар» партиясының мүшесі, «Асар – Қазақстан» партиялық газеттің бас редакторы, «Хабар» агенттігінің бұрынғы бас директоры Владимир Рерихке іздеу салып, Қазақстан үкіметінің басшысына сауал жолдады.

Парламент мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымов «Асар» партиясының мүшесі Владимир Рерихтің Германияға барып саяси баспана сұрағаны жайында тараған ақпараттың қаншалықты рас екендігін және ол адамның «Асар» партиясының көлемді қаржысын ұрлағаны рас па деген сұрақ қойып отыр Қазақстан премьер-министріне.

Бұған дейін Қазақстанның бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында «Асар» партиясының саяси кеңесінің мүшесі, «Асар – Қазақстан» партиялық газеттің бас редакторы, «Хабар» агенттігінің бұрынғы бас директоры Владимир Рерих Германия федеративтік республикасының басшылығынан өзіне саяси баспана сұраған екен деген ақпарат тараған еді.

- Владимир Рерих мемлекеттік аса құпия ақпараттарды білетіндіктен, оның төңірегінде өрбіген қауесеттің қаншалықты рас екендігін анықтау маңызды, - дейді парламент мәжілісінің депутаты Ерасыл Әбілқасымов.

Депутаттың пайымынша, Владимир Рерихтің Қазақстаннан кетуі - саяси мәселемен байланысты емес.

- Ол «Асар» партиясының көлемді қаржысын ұрлаған деген ақпарат бар. Егер бұл сөз рас болса, онда мемлекеттік «Хабар» телеарнасының қаржысын да қолды етуі мүмкін. Сондықтан Рерихтің не үшін Германияға кеткендігін анықтаған жөн, - дейді депутат Ерасыл Әбілқасымов.

Ал Қазақстан президентінің үлкен қызы, «Асар» партиясының төрайымы, парламент мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева бірталай уақыт өзімен тығыз жұмыс істеп келген Владимир Рерихтің «Асар» партиясының ақшасын жымқырған деген ақпараттан өзінің хабарсыз екендігін айтты.

- Менің партиямнан шыққан жоқ. Рерих – «Асар» партиясы саяси кеңесінің мүшесі. Ол партияның миллиондаған ақшасын ұрлады дегенді бірінші рет естіп отырмын. Біз оны тексереміз. Ондай сөздер ол кісі айтса біз соттасамыз. Рерихтің өзі бір ай бұрын өзінің жауабын берген. Енді қазір оны қайтадан көтеріп қарастыруға мәжбүрлік жоқ деп ойлаймын. Ал әріптесім Ерасыл Әбілқасымовтың жеке адамның мәселесіне араласпағаны жөн, себебі, Қазақстан азаматының жеке мәселесінде оның қайда жүргендігін, не істеп жүргендігін анықтауға депутаттың еш құқығы жоқ. Прокурор болудың қажеті жоқ, - деді Дариға Назарбаева.

Журналист Сейдахмет Құттықадам «Асар» партиясы саяси кеңесінің мүшесі Владимир Рерихтің батыстан саяси баспана сұрауы күмәнді нәрсе санайды.

- Рерих Германияға барып саяси баспана сұрағаны рас болса, онысы - саяси саудагерлік дер едім. Бұл жерде Рерих саяси қуғындауға ұшырады деп айту қиын. Рерих ешқандай оппозиция өкілі болған емес, тіпті демократ емес. Ұдайы билікке жақын жүрді. Мемлекет басшысының отбасына жақын адам, оның қызы Дариғаның оң қолы болып жүрді. Оның бұл әрекетін билікке, «Асар» партиясына жапсырған балшық деуге болады. Шындығына келсек, біздің билік басындағылар қасында кімнің жүргеніне көңіл бөле бермейді, - дейді Сейдахмет Құттықадам.

Депутат Ерасыл Әбілқасымов Қазақстан премьер- министрі Даниал Ахметовке жолдаған депутаттық сауалында "Қазақстан үкіметі Владимир Рерихті елге қайтаруды қарастырды ма" деген мәселе көтеріп, үкімет басшысының жазбаша түрде және тез арада жауап беруін сұрады.
XS
SM
MD
LG