Accessibility links

Жириновскийдің сөзіне шамданған қазақ ұлтшылдары... “Сөз” газетін өртеді

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Ресей мемлекеттік думасы жетекшілерінің бірі Владимир Жириновскийдің Қазақстан жайында айтқан сөзіне Алматыдағы Ресей бас консулдығына наразылық хатын табыс етуге келген “Азат” қозғалысы мен “Желтоқсан” қоғамдық ұйымының белсенділері бұл шараны Қазақстанда шығатын оппозициялық газетті өртеумен аяқтады.

Қазақстанның азаматтық “Азат” қозғалысы мен “Желтоқсан” қоғамдық бірлестігінің басшылығы 26 қаңтарда Ресейдің мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, Ресейдің либералдық-демократиялық партиясының жетекшісі Владимир Жириновскийдің Қазақстан жайында айтқан пікірлеріне орай өз наразылықтарын білдіріп, Ресей президенті мен мемлекеттік думасының атына жазылған хатты Алматыдағы Ресейдің бас консулдығына тапсырды.

- Владимир Жириновский өз сұхбатында әдеттегідей қазақтардың намысына тиетін жайттарды көтерген, - дейді “Азат” қозғалысы мен “Желтоқсан” қоғамдық бірлестігінің басшылығы.

Сол себепті олар ресейлік саясаткерге қарсы әрекет ретінде Алматыдағы Ресейдің бас консулдығы алдына жиналып, өздерінің мұнда Ресей президенті мен мемлекеттік думасының атына жазылған наразылық хатты тапсыруға келгендерін айтты. Алайда Алматыдағы Ресей бас консулдығының күзетшілері мұндай шараларды ұйымдастыруға және бейнетаспаға түсіруге тиісті рұхсат қажеттігін айтып, жиналған жұртшылықтың тарауын талап етті.

Дегенмен “Азат” қозғалысының төрағасы Хасен Қожа-Ахмет өз наразылық хаттарын ресей консулдығындағыларға тапсырғандығын жеткізді.

Владимир Жириновскийдің даулы сұхбатының мәтінін “Эхо Москвы” радиосы сайтынан алып, соңғы сандарының бірінде жариялаған Қазақстанда шығатын оппозициялық “Сөз” газеті де қазақ ұлтшылдарының қаһарына ілінді. Наразылық хаттарын Ресейдің бас консулдығына тапсырып болған соң “Азат” қозғалысы мен “Желтоқсан” қоғамдық бірлестігінің белсенділері “Сөз” газетінің редакциясы орналасқан ғимараттың алдына барып, оппозициялық газеттің бірнеше данасын өртеді.

“Қазақ тағдыры және жер мәселесі” қоғамдық комиссиясының төрағасы жазушы Сапабек Әсіп аталған сұхбаттың “Сөз” газетінде жариялағанын дұрыс санайды.

- Қазақ халқының намысын жану үшін аса қажет шаруа болды, бірақ ол үшін газетті өртеу дұрыс емес, - деді ол.

"Азат" қозғалысы мен "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігінің басшылығы өз наразылық хаттарына орай Ресей басшылығынан жауап күтетіндіктерін білдіріп отыр.
XS
SM
MD
LG