Accessibility links

Баспасөзге шолу. 27 қаңтар 2005 жыл


Мерзімді басылымдар Ресейдің либерал демократиялық партиясының басшысы Владимир Жириновскийдің “Эхо Москвы” радиосына берген сұхбаты жарық көргеннен бері біраз уақыт өтсе де оған Қазақстанда селт еткен қоғам қайраткерінің табылмағандығын тілге тиек етіпті.

“Жас Алаш” газетінің бірінші бетінде жарық көрген Шадияр Естемірұлының талдау мақаласында Ресейдің либерал демократиялық партиясының басшысы Владимир Жириновскийдің “Эхо Москвы” радиосына берген сұхбатында “Қазақстан сынды мемлекет болған емес” деген сыңайдағы сөздерді Кремльдің ықпалымен айтуы мүмкін деген пікір айтылыпты. Газет тілшісі өз сараптамасында Кремль ойындағасын алдымен әпербақан саясаткерлердің аузымен айтқызып, қоғам жылы қабылдаса, ол жоспарын біртіндеп жүзеге асыра бастайды деген қорытынды жасапты.

Мақала авторының айтуынша, Жириновский секілді тұлғалардың ресейлік телеарналар мен баспасөз бетінен түспеуі мен Мемлекеттік думада вице-спикер лауазымын иеленуі Ресейде авторитаризм мен ұлтшылдықтың күннен-күнге күшейіп бара жатқандығын аңғартады. Шадияр Естемірұлының сараптама мақаласына сүйенсек, Ресейдің либерал демократиялық партиясының басшысы Владимир Жириновскийдің Қазақстанға сес көрсете сөйлеуінің бірнеше себебі бар.

Мақала авторы алдағы президент сайлауында Орталық Азия мен Қазақстанда билікке демократтар келсе, бұл мемлекеттер авторитарлық Ресейге емес демократия қанат жайған Батысқа бет бұратындықтан Владимир Жириновский мен Кремль бұдан өлердей қорқады деп есептейді.

“Қазақстан патриоттар партиясының” жетекшісі Ғани Қасымов “Время” газетіне берген сұхбатында Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары Владимир Жириновскидің Қазақстанның мемлекеттілігін басына сөйлегені үшін, ресми билік тарапынан осыған сәйкес жауап берілуі тиіс еді деген пікір білдіріпті. Ғани Қасымов “егер мемлекет өзіне қатысты айтылған осындай мағынадағы ауыр сөздерге қарсылық білдіріп, жауап қайтармаса келешекте оны ешкім де силамайтын болады деп пайымдайды. “Мен өз халқымның ары мен намысын таптатуға, ешкімге де жол бергізбеймін” деп мәлімдепті Ғани Қасымов “Время” газеті арқылы.

“Түркістан” басылымында жарық көрген Есенгүл Кәпқызының мақаласында Жириновскийдің мәлімдемесі жарық көргеннен бері біраз уақыт өтсе де оған Қазақстанда селт еткен қоғам қайраткерінің табылмағандығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, бұл Қазақстанда ұлттық идеологияның бүкілхалықтық сипат ала алмай отырғандығының көрінісі.

Сондай-ақ мақала авторы өздерін ұлтшылмыз деп есептейтін “Азат” немесе “Желтоқсан” сияқты қоғамдық ұйымдардың бүгінгі күндері өзара қырқысып жүргендігін тілге тиек ете келіп, олардың бұқаралық ақпарат құралдарына үлкен ереуіл ұйымдастырамыз деп жария салып, Ресей елшілігінің алдында жиналғандардың көбісінің журналистер болғандығына тоқталыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, наразылық пикетін ұйымдастырушылардың өздері кешігіп келген және әрқайсысы әр түрлі талап қойған.

“Экспресс К” басылымы болса наразылық пикетін ұйымдастарғандардың Владимир Жириновскидің “Эхо Москвы” радиосына берген сұхбатын басқан “Сөз” және “Республика” редакциясы газеттерінің алдына барып “Сөз” газеті мен Жириновскийдің суретін өртегендігін хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, редакция қызметкерлерінің ешқайсысы да шығып, бұған байланысты түсініктеме бермеген.

“Город” басылымы болса 26 қаңтар күні Ресей елшілігінің алдында наразылық пикетін ұйымдастырғандардың бірі Хасен Қожа-Ахметтің Ресейдің либерал демократиялық партиясының басшысы Владимир Жириновскийдің ұзақ жылдан бері қазақ және орыс халқының арасына от тастаумен айналысып келе жатқандығы туралы мәлімдегендігін хабарлапты. Газет тілшісінің хабарлауынша, наразылық шеруін ұйымдастырғандар Ресей президенті Владимир Путиннің атына бағышталған Ресей мемлекетіндегі либералдық демократиялық партияның басшысы Владимир Жириновскийге наразылық білдірген хатты елшілікке табыс еткен.

Ресейдің либерал демократиялық партиясының басшысы Владимир Жириновскийдің мақаласын басқан “Сөз” газетінің бейсенбі күнгі санында да бұл тақырыпқа арналған мақалалар топтамасы жарық көріпті.

“Сөз” газеті арқылы Қазис Тоғызбаев Владимир Жириновскийдің айтқан сөздеріне байланысты, осындай жағдайда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев неге үнсіз қалды деген сауал тастапты. Оның пікірінше, мемлекет басшысының мұндай мәселеде үнсіз қалуы, Қазақстан президентінің осындай мағынадағы сөздердің айтыла беруіне қарсы емес екендігін аңғартады. Мақала авторының айтуынша, Батыста “Қазақгейт” оқиғасы қатты белең ала бастаған тұста Ресей арқылы жан сауғалауға ұмтылып отырған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей тарапынан айтылатын ауыр сындардың қай-қайсысына да төзуге мәжбүр болады.

Жазушы Сапабек Әсіп болса Ресейдің либералдық демократиялық партиясының басшысы Владимир Жириновскийдің “Эхо Москвы” радиосына берген сұхбатын өз газетінің бетінде беруі арқылы “Сөз” басылымы Қазақстандағы ұйқыға кетіп бара жатқан зиялы қауым өкілдерін селт етуіне мұрындық болды деген пікір білдіріпті.
XS
SM
MD
LG