Accessibility links

Украина Еуропа одағына кіруге ниет білдіріп отыр


Украина президенті Виктор Ющенко бірнеше аптадан кейін Украинаның Еуропа одағына мүшелікке өтуге өтініш беруі мүмкін екендігін мәлімдеді.

Қазақстан саясаткерлері мұны президент Ющенконың көңіл күйі Батысқа біржола ауып тұрғандығына дәлел ретінде қабылдап отыр. Мұндай жағдайда ТМД мен бірыңғай экономикалық кеңістіктің мәні жойылады, сондықтан Қазақстан да қалыптасып отырған ахуалға бейім саясат жүргізе бастауы керек деген пікірлер айтылып жатыр.

- Виктор Ющенко өтініш бергенімен Еуропа одағы Украинаны оңай қабылдай қояды деу қиын. Олардың да талаптары бар. Ал Украина ТМД-ға және бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше бола тұрып, аталған екі құрылымға да онша ыңғай танытпай келген болатын, - дейді Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиев Еуропалық одақ пен Батыс елдері Виктор Ющенконың жеңісіне үлкен еңбек сіңіріп, атсалысты. Сондықтан олар Украинаны еуропалық қауымдастыққа барынша жылдамырақ тартудың жолдарын іздейді деген пікірде. Саясаттанушы Әзімбай Ғали таяу арада Бірыңғай экономикалық кеңістікте екі ел ғана қалады деп есептейді.

Саясаткер Серікбай Әлібаев болса, «Украина Еуроодаққа мүше болса, көршілес елдерге де пайдасы тимесе, зияны тие қоймайды» деп отыр. Ал, саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстанға Украинадан әкелінетін кондитер өнімдеріне Қазақстан үкіметінің қосымша құн салығын өсіріп жіберуінің өзі екі ел арасында экономикалық қайшылықтың қалыптаса бастағандығын айғақтайды дейді.

Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин болса бірыңғай экономикалық кеңістік жөнінде әңгіме көптігін айтады.

- Президенттердің қабылдаған құжаттары, қол қойған шарттары жетіп жатыр. Бірақ іс жүзінде бар елге бірдей тиімді шаруа жүрігізіліп жатыр деп есептей алмаймын. Сондықтан, Украина бағыты нақты, айқын, - дейді ол.

«Укринформ» таратқан ақпаратқа қарағанда, Украина президенті Виктор Ющенко өз мәлімдемесінде «жаңа үкімет бірнеше апта жұмыс істегеннен кейін парламентке Украинадағы экономикалық және әлеуметтік өзгертулердің бағдарламасын ұсынады» деген жоспарын да жайып салды. Ол ақпан айының басында үкімет жасақталып, облыстық және аудандық әкімшіліктердің басшылары да тағайындалатынын атап көрсеткен.
XS
SM
MD
LG