Accessibility links

Жоғарғы сот Әлихан Бәйменовтің өтінішін қанағаттандырмады


Қазақстан жоғарғы соты Орталық сайлау комиссиясының шешімін заңсыз депе тануды сұраған «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтің өтінішін қанағаттандырмай тастады.

Қазақстанда былтыр қыркүйекте болған парламент мәжілісінің сайлауында депутаттыққа өткен «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов бұл сайлауда заңсыздыққа жол берілгендігін және бүгінгі парламентті заңсыз деп танитындығын айтып депутаттықтан бас тартып отыр. Бәйменовтің бұл шешіміне байланысты Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізім бойынша депутаттық мандатты келесі адамға беру барысын тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын.

Осыған байланысты «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов Қазақстан жоғарғы сотына депутаттықтан бас тартуына байланысты өтінішін қанағаттандыруды, сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының депутаттық мандатты партиялық тізімдегі келесі адамға беру барысын тоқтату шешімін жоюды талап етіп арыз берген болатын.

«Ақ жол» партиясы қолданыстағы заң негізінде Орталық сайлау комиссиясының шешіміне қарсылықтарын он күн ішінде білдіруі тиіс еді. Алайда партия сотқа екі ай өткеннен кейін барып шағымданды дегенді алға тартқан сот Бәйменовтің арызын қанағаттандырмады.

– Осыған дейін Орталық сайлау комиссиясына Әлихан Бәйменовтің өткен жылғы қарашаның 2-і күні түскен депутаттықтан бас тартатыны туралы берген өтініші жазу машинкасымен жазылғандықтан оның растығына күмән келтірдік және партияның депутаттық мандатқа байланысты ұстанымдары айқын болмағандықтан партияның келесі съезі өткенге дейін оны тізімдегі келесі адамға беру барысын тоқтатқан болатын, – дейді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Владимир Фоос.

Ал енді жоғарғы сотта Бәйменовтің өтініші қанағаттандырылмағандықтан партиялық тізіммен келесі адамға депутаттық мандаты беру барысын тоқтату шешімі күшін жойды.

– Біз Бәйменовті тіркеп отырмыз. Егер ол осы шешімге келіссе депутаттыққа барады, – дейді Владимир Фоос.

Парламент мәжілісінің заңдар және құқықтық реформалау комитетінің мүшесі Амангелді Таспиықов Орталық сайлау комиссиясының партиялық тізім бойынша депутаттық мандатты келесі адамға беру барысын тоқтату туралы шешім шығаруын заңсыз деп санайды.

– Мысалы, Отан партиясынан Жармахан Тұяқбай депутаттықтан бас тартқанда тізімдегі келесі адам келген. Сол сияқты, заң бойынша партиялық тізімдегі келесі адам еш кедергісіз келуі тиіс, – дейді ол.

«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтің айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы 14-і қаңтар күні Бәйменовті мәжіліс депутаты етіп тіркеу туралы шешім шығарған. «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Бәйменов онымен келіспейді.

– Орталық сайлау комисиссиясының бұл шешімі менің келісімімсіз жасалғандықтан заңсыз деп табылады, – дейді Бәйменов.

Жоғарғы соттың шешімінен кейін журналистер алдына шыққан Әлихан Бәйменов:

– Депутат болу – ол менің конституциялық құқығым, алайда конституциялық міндетім емес. Орталық сайлау комиссиясы заң бойынша менің өтінішімді қанағаттандыруға міндетті. Мен соны талап етемін. Орталық сайлау комиссиясының азаматты оның келісімінсіз депутат болуға мәжбүрлеуге құқы жоқ, – деп мәлімдеді.

Кейбір депутаттар «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтің депутаттықтан не себеппен бас тартып отырғандығына және Орталық сайлау комиссиясының Бәйменовке оның келісімінсіз депутаттық мандатты тапсыру туралы шешім қабылдауына байланысты парламент алдында Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Бәлиева түсінік беруі тиіс деп отыр.

– Бір депутаттық орынның бос тұрғанына ендігі үш ай болды. Бұл не сұмдық?! Неге Орталық сайлау комиссиясы Бәйменовті тіркедік деген шешім шығарады? Ол келмесе, оның орнына тізім бойынша Сәрсенбаев тұр, тағы басқалар бар емес пе?! Осы мәселе түсініксіз болып отыр. Бәлиева келесі жалпы отырыста бізге толық түсінік берсін деп шақырып отырмын, – дейді мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов.

Депутат Әбілқасымов «бүгінгі парламентте оппозиция өкілдері жоқтың қасы» екенін айтып, Әлихан Бәйменовтің парламентке келуін өтінді.

– Мына парламентте оппозиция жоқ десек те болады. Тәуелсіз депутаттың бірі Мұхтар Шаханов ауырып қалды. Қазір жалғыз мен қалдым. Бәйменов, айналайын, кел енді мында! – деді Ерасыл Әбілқасымов.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Владимир Фоостың айтуынша, «Ақ жол» партиясы мәжілістегі депутаттық орнынан бас тартса, онда мандат келесі сайлауға дейін бос тұратын болады.
XS
SM
MD
LG