Accessibility links

Алматыда БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің лаңкестікке қарсы комитетінің арнайы отырысы өтіп жатыр

  • Досан БАЙМОЛДА

Алматыдағы БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің лаңкестікке қарсы комитетінің төртінші отырысына әлемнің елуден аса елдері мен ондаған халықаралық ұйымдардан өкілдер қатысып отыр. Жиын тақырыбы терроризмге қарсы күрестің халықаралық және ұлттық механизмдеріне арналған.

Бейсенбі күні Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінің лаңкестікке қарсы комитетінің төртінші отырысы өз жұмысын одан әрі қарай жалғастырды.

Әлемнің елуден аса мемлекеттері мен 46 халықаралық ұйымнан барлығы 160-қа жуық өкілдер қатысып отырған жиында терроризмге қарсы күресте халықаралық заңдылықтар мен екіжақты келісімдердің рөлдері және осы заңдылықтар мен бағдарламалардың орындалу механизмдері туралы сөз болды.

Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының бас хатшысы Николай Бордюжаның айтуынша, террор қаупі адамзат баласының өмірінде барлық саланы қамтып отыр. Сондықтан да ең басты мақсат – әрбір мемлекет өзінің лаңкестікке қарсы күресе алатын күш-қуатын арттыруға ерекше көңіл бөлуі тиісті.

Николай Бордюжаның айтуынша, терроризмге қарсы күрес жөніндегі БҰҰ-ның 12 конвенциясына қосылу – жартылай іс қана болмақ. Әрбір мемлекет терроризммен күресу жөнінде өзінің ұлттық бағдарламасын не заңын қабылдаулары керек.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы күрес бөлімінің бастығы Брайан Будың айтуынша, соңғы кезде Орталық Азия аймағына терроризм қаупі күшейе түскендей. Өткен жылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында алғаш рет өз денесіне жасырған жарылғыш затты жарған жанкештінің өлімі – Орталық Азиядағы ең алғашқы оқиға болды, ал жарылысты жақсы дайындықтан өткен тәжірибелі террористің жарғаны анықталып отыр дейді Брайан Бу.

Халықаралық полиция ұйымының (интерпол) Қазақстандағы ұлттық орталығы бюросының бастығы Әміржан Тоқсынбаевтың айтуынша, интерпол да халықаралық терроризмге қарсы күреске үлкен мән-маңыз беріп отыр. Қазақстанға бүгінгі күні терроризм қаупі төніп тұрмаса да, көрші елдерде алаңдатарлық жағдай қалыптасып отыр.

2001 жылы қыркүйектің 11-і күні АҚШ-та болған террорлық оқиғалардан соң құрылған БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің лаңкестікке қарсы комитетінің бұдан бұрынғы отырыстары 2003 жылы Нью-Йоркте және Вашингтонда, ал үшіншісі – 2004 жылы Вена қаласында өткен болатын.
XS
SM
MD
LG