Accessibility links

Қатты аяздан зардап шеккендердің көпшілігі баспанасыздар

  • Айнагүл САҒДИ

Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарында тұрған қатты аяздан зардап шегіп ауруханаға түсіп жатқандардың арасында қатты үсікке шалдығып, аяқ-қолдарынан айрылғандар да, жан тапсырғандар да бар. Дәрігерлердің айтуынша, үсігендердің 90 пайызы үй-күйі жоқ, көше кезіп жүрген жандар.

Ауа-райын болжау орталығының мәліметіне қарағанда, бұл күндері Шығыс Қазақстан облысында 38-40 градус аяз тұр. Семей қалалық жедел медициналық көмек емханасы директорының орынбасары Алтай Нәбиевтің айтуынша, бұл үсікке шалдыққандарды қабылдайтын жалғыз емхана.

- Сондықтан, суыққа шалдыққандардың барлығына осы мекемеде қызмет көрсетіледі. Жалпы, адамның дене мүшелері, тері, тері асты қабаты, сүйекке дейін үсік шалып, жансызданады. Оны қайта жандандыру қиынға түседі. Ол ұзақ уақыт емдеуді талап етеді. Кей адамдардың үсіген дене мүшесі қалпына келтіруге жарамай, кесіп тастауға тура келеді. Бұл үсіктің ең асқынған түрі. Біздің емханаға үсіген 10 шақты адам түсті. Олардың арасында екі-үш адамға ампутация жасалды, - дейді Алтай Нәбиев.

Петропавл қалалық медициналық апат аймақтық орталығының бас дәрігері Вера Вовктың айтуынша, үсікке шалдығып жатқандардың арасында тұрақты мекені жоқ адамдар жиі кездеседі.

- Маскүнемдіктің салдарынан да далада қалғандар кездесіп қалады. Бірер күннің ішінде емдеу мекемесіне үсік шалған 11 адам жеткізілді. Олардың біреуі қайтыс болды, - дейді Вера Вовк.

Көбіне баспанасы жоқ көше кезбелерінің үсікке шалдығатынын Семей қалалық жедел медициналық көмек емханасы директорының орынбасары Алтай Нәбиев те айтып отыр.

- Көбіне ішіп, далада ұйықтап қалады. Ішкен адамның миы да дұрыс жұмыс жасамайды, ол тіпті қалай тоңғанын да білмей қалуы мүмкін. Жалпы, спиртті ішімдікті пайдаланған адамның үсіктен қорғануы мүмкін емес. Егер адам тоңғанын білсе сол орынды уқалап, қыздыру керек. Бірақ, бұның өзі уақытша ғана. Мүмкіндік болса, тез арада жылы жер қарастырған жөн. Тағы бір айта кетерлігі, үсікке онша мән бермей, кейіннен ауруханадан бір-ақ шығатын жандар да ұшырасады. Қатты үсіген жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралу керек, - дейді Алтай Нәбиев.
XS
SM
MD
LG